Қазақстанда тұрғын үй сатып алуға арналған ипотеканың жаңа тетігі енгізілді. Оның ерекшелігі – бастапқы жарна пәтердің құнынан ұсталып қалмайды, керісінше қарыз алушының банк шотында кепіл ретінде сақталады. Мысалы, азамат 30 миллион теңгеге пәтер алса және 10 миллионын депозитке салса, оған қалған 20 миллион емес, толық 30 миллион теңгеге несие беріледі. Бұл несиенің басты артықшылығы – пайыздық мөлшерлемесі дәстүрлі ипотекаға қарағанда төменірек.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, мұндай ипотеканы алуға қарыз алушыда кемінде 50% жинақ болуы шарт. «Сіз ақшаны депозитке саласыз, бірақ сізге бүкіл сомаға несие беріледі. Бұл жағдайда пайыздық мөлшерлеме айтарлықтай төмен болады. Яғни әдеттегі ипотекаға қарағанда арзанырақ», – дейді ол.
Сонымен қатар, клиенттің арнайы шоттағы қаражаты мемлекет тарапынан қорғалады. Дегенмен жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Александр Пак төлем жасай алмаған жағдайда туындайтын мәселелерге назар аударды. Оның айтуынша, қарыз алушы несие шарттарын орындамаса, банк пәтерді сатуға шығарады. «Бұл жағдайда депозитке салынған қаражаттың қайтарылу тетігі, сондай-ақ қарыз сомасы қалай есептелетіні түсініксіз», – дейді сарапшы.
Мамандар жаңа ипотеканың артықшылықтарымен қатар тәуекелдеріне де мұқият қарауға кеңес береді. Алдағы уақытта банктер бұл тетікті тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен ұштастыруды көздеп отыр. Мұндай жағдайда клиент өз жинағына мемлекеттік сыйлықақы да ала алады.





