Талдықорғанда жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған тағылымды кездесу өтті. Қоғам қайраткерлері, әжелер алқасының мүшелері мен мектеп оқушылары қатысқан жиынды облыстық ардагерлер кеңесі өткізді. Онда жастардың көркем сөйлеуіне, ойлау мәдениетін қалыптасуына, шығармашылықпен айналысуына бағыт берілді.
«Абай сөзі мен өмірі – ардагерлер өнегесі, жас ұрпақтың тірегі мен үлгісі» тақырыбындағы шараның шымылдығын белгілі қобызшы Тұрсынхан Қарақожаева «Абай табиғаты» атты туындымен түрді. Әрмен қарай хакімнің туған өңірі Қарауылда өткен мерейтойдан бейнесюжет көрсетілді.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ақынның 180 жылдығына орай Жетісуда және Абай облысында өткен шаралар жөнінде мәлім етіп, оның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертті.
– Біздің алдымызда ардагерлермен өтетін негізгі жұмыстың сыртында жастарды тәрбиелеу міндеті тұр. Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – ұлы жұмыс. Ақынды таныған буын азғындыққа бармайды деп ойлаймын. Сондықтан біз хакімді дәріптеуді ешуақытта тоқтатпаумыз керек, – деді Ермек Әбілмәжінұлы.
Басқосуда Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айбоз ақын Әміре Әрін «Абай – әлемдік ақылдың алыбы» атты арнауын оқып, кемеңгер тұлғаның өлеңдерінің мән-мазмұнына тоқталды. Хакімнің күллі жұртпен мәңгілік жасайтынын тілге тиек етті. Ал актер Кендебай Темірбайұлы Абайдың әнін шырқап, жиылған көпшіліктің көңілін серпілтті.
Шара аясында Оқушылар сарайы жанындағы Мұқағали Мақатаев атындағы жас актер театры «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты поэтикалық қойылым қойды. Онда Абайдың қара сөздері, өлеңдері мен шығармаларынан мәнерлеп үзінді оқылды.
Кездесу соңында жергілікті өнерпаздар ән шырқап, кештің сәнін кіргізді. Абай мұрасының мәңгілік мәні осындай шаралар арқылы жас буынның жүрегіне жетіп, олардың дүниетанымына сәуле түсірері сөзсіз.
Медет ЖҰМАБАЙ






