Елімізде 24 қазан кітапханашылар күні. Осыған байналысты С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында мерекелік іс-шара өтті.
Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен ұйымдастырылған «Kitap Тime – 2025» ІV жалпы Республикалық фетиваліне аймақтағы ардагерлер, ақын-жазушы, оқырмандар мен танымал зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара аясында қарымды қаламгер, танымал тарихшы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жәди Шәкенұлының «Қан кешкен ханзадалар» атты тарихи романының тұсауы кесілді. Сонымен бірге көрермен назарына қазақ сөз өнерінің інжу-маржандарын қамтыған «Оқуға тиіс 100 қазына», «Роботтар әлемі», «Қолөнер – сырлы өнер» сынды бай мазмұнды көрме ұсынылды. Шара шымылдығы жас өнерпаздар орындаған «Кітапханаға кел» атты әсем сазды әнмен түріліп, ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың, Ілияс Жансүгіровтің отты жырларын мәнерлеп оқумен жалғасты.
Жиналған қауым алдында сөз алған кітапхана директоры Самал Шаяхметова кітап – рухани қазына, адам жан дүниесінің жауһары екенін атап өтіп, барлық оқырманға алғыс айтып, ұзақ еңбектеніп, қазақ руханиятының алтын қорына тағы бір тың туынды сыйлаған Жади Шәкенұлына ізгі тілегін жеткізді. Осыдан соң жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасы мен қатар «Қан кешкен ханзадалар» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Кітапта Шығыс түрік қағанаты кезінде ойран болған Тұғырылхан ордасынан аман қалған немересі Тайбұғаның бастан кешкендері баяндалған. Хан ордасынан қашып шыққан сегіз жасар бала ерлікпен оңтүстіктен солтүстікке келіп ақыры Ертіс, Тобыл өзенінің қиылысында Сібір хандығын құрады. Жазушы кейіпкер арқылы тарих пен тағдыр сабақтатығын арқау етіп, ел жадын жаңғыртатын жаңа туындысын жарыққа шығарған.
– Ескі тарих алдамайды. Осы шығарманы жазу үшін менің бала күннен құлағыма құйып өскен тарих-шежірем аздық етті. Кемінде жүз томды ақтардым, оқиға өткен жүз жерге сапар шектім. Бүгінгі Моңғолия жеріндегі Шығыс түркі жұрттарынан, батыс терістіктегі Сібір, Ресейдің Түмен обылысына дейінгі аралықта ат ізім қалды. Аталған екі аймақтың ортасында Өр Алтай жерінде, Ертіс жағасында туып-өскенім де тұсауымды ашты, тұлпарымды жебеді. Біз әлем тарихында алтын жолақты із қалдырған – Тұғырыл хан, Шыңғыс хан өмір сүрген даланың бір пұшпағында есейдік. Солар тыныстаған ауамен тыныстадық, солар жұтқан, ат суарған қайнардан біз де шөл қандырдық. Тауымыз таныс, тағылымымыз ортақ болды. Қария таудың бауырындағы қадымғы жұрттарды көзіңмен көрсең, жусанын иіскеп, жуасын тістесең, олар сөйлейді. Топырағына аунап, суын жұтсаң, самалы сыбырлап сырын ақтарады. Тарихи шығарма туралы айтқанда оқиға өрбіген орынды көріп барып шығарма жазу – өз дағдым, сүйікті әуесім. Шындық пен көркемдіктің кілті сол далада жатыр. Сен даламен сөйлессең, ол сенімен сөйлеседі, сәулесін көкірегіңе саулата құйып, қаламыңа қанат бітіреді, – дейді жазушы Жәди Шәкенұлы.
Шара барысында жеке-жеке сөз сөйлеген өңірдегі зиялы қауым өкілдері жалпы қазақ даласының әр аймағында бір мезгілде өтіп жатқан кітап мерекесімен құттықтап, жазушының тарихи туындысы жас ұрпақ үшін тағылымы мол рухани азық екенін атап өтті.
Айдын КӘЛІМХАН





