«Қыс қыр астында» деген тәмсіл бар. Осы ретте мектеп, балабақша және медициналық мекемелерде биылғы жылыту маусымына дайындық қай деңгейде? Бұл туралы аудандық тұрмыстық коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарынан сұрап білдік.
Панфилов ауданында 42 мектеп пен 5 балабақша сұйық отынмен, 7 мектеп пен 6 балабақша қатты отынмен, мектеп пен 1 балабақша орталықтандырылған қазандықтан жылытылады. Осы мекемелерге қажетті дизель мен қатты отын тасымалдана бастады. Мектептерді қатты отынмен қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша жеке кәсіпорынға жүктелген. Сұйық отынға арналған пештерге сервистік қызмет көрсетуге тендерді ұтып алған кәсіпорын өкілдерімен келісім жасалып, олар жылыту маусымына дейін барлық білім беру мекемесі, 13 мемлекеттік балабақша пештерін тексеріп, тазартып, жөндеуден өткізді. Өткен қыста ақау шыққан пештерді ретке келтіріп, іске қосуды сол компания атқарған.
Жергілікті тұрғындар үшін қатты отынның қажетті мөлшері 52 мың тонна. Бүгінде тұрғындарға 26198 тоннадан аса көмір әкелінді. Адрестік әлеуметтік көмек берілетіндер тобына керек 3715 тонна көмірдің 2145 тоннасы таратылды. Тапсырыс берілген қатты отын күнделікті тасымалдануда. Аудан аумағындағы «Алтынкөл» және «Құндызды» темір- жол стансылары жанындағы қатты отын түсіретін тұйықтарда қазір 10 мың тоннадан аса «Шұбаркөл» көмірінің қоры бар. «Шұбаркөл» көмірінің стансы тұйықтарындағы бағасы 23050-23100 теңгеден сатылуда. Жергілікті көмір тасымалдап, саудалаушылар «Шұбаркөл» көмірінің тоннасын 30-35 мың теңге аралдығында саудалауда. Күн суытқан сайын өңірде көмір бағасы көтерілуі мүмкін.
– Аудан тұрғындарына жылыту маусымы кезеңіне дайындықты күшейтуге және ауа райы қолайлы кезде қатты отынды сатып алу қажет екендігі туралы жұмыстар ұйымдастырылып, әлеуметтік желілер мен қала, ауыл әкімдері аппараты арқылы әрбір елді мекендерде тиісті хабарламалар жарияланды. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауданның әлеуметтік нысандарына жылыту маусымына қажетті 1 980 209 литр сұйық отынның 786 237 литрі, яғни 40% жуығы тиісті мекемелерге жеткізілді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Дидар Ешенов.
Білім беру нысандары 1 493 972 литр сұйық отынның 300 мың литрімен қамтамасыз етілді. Өңірдегі денсаулық сақтау нысандары 408 000 литрді толық алды. Мәдениет нысандарына қажет 78 237 литр сұйық отын толық әкелінді. Жаркент қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 31 370 литр, «Мерей» оңалту орталығы КММ үшін 55 000 литр сұйық отынмен толық қамтылды. Панфилов су құбыры мекемесінің 2 нысанын дизель отынымен жылытуға тапсырыс берілген 2 336 866 литрдің қазір 66400 литрі берілді.
Қатты отынмен жылытылатын мекемелерден білім беру нысандарына 1 851 тонна тапсырыс беріліп, бүгінде 70 тоннасы тасып алынды. Денсаулық сақтау нысандары 333 тонна қажет отын 100 % әкелінген, мәдениет нысандарына қажет 174 тонна көмір әзірге берілген жоқ. Сол сияқты өңірдегі кітапханалар үшін 41 тонна қатты отынға келісімшарт жасалып, қатты отын қоймалары бос тұр. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік нысандарын жылытуға жалпы 2399 тонна қатты отын сұралып, келісімшарт жасалып, оның 403 тоннасы тиісті мекемелерге жеткізілді.
Соңғы бесжылдықта Жаркент қаласының тұрғындары үйін газбен жылытудың тиімділігін көріп келеді. Тұрғын үйлерді қатты, сұйық отынмен жылытумен салыстырғанда газбен жылыту әлдеқайда арзан. Күні-түні жанып тұратын табиғи газдың қыздыру мүмкіндігі зор. Осы жақсылық ауыл тұрғындарының үмітін үкілеп, қазір өңірдегі бірнеше елді мекенге құбырлар тартылуда. Бұрын табиғи газбен қамтылмаған Жаркент қаласындағы «Турково» және Головацкий шағын иірімінің тұрғындары газға қол жеткізді. Жаркент қаласындағы бірнеше мектеп ғимараттарын табиғи газбен жылытуға көшті.
Алдағы 2026-2027 жылдарда аудандағы 25 ауыл газбен қамтылады деген жақсы хабар ел құлағын елеңдетуде. Бұған қазір билік тарапынан нақты қам-қарекет жасалуда. Атап айтқанда, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы ауданның 25 ауылына табиғи газ жеткізу құбырының және газ тарату жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 517,3 млн. теңге бөлініп, бүгінде 12 ауылдың жобалық-сметалық құжаттамаларына оң сараптама қорытындысы жасалды. Сөйтіп, оларға табиғи газ жеткізу құрылысы қарқын алды.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





