Ілияс ақынның асқақ жырына арқау болған ағынды Ақсу өңірінде, Екінші дүниежүзілік соғыста 28 панфиловшылар қатарында от кешіп, Отанын қорғау жолында құрбан болған Нұрсұлтан Есеболатов ауылында дүниеге келді. Қазақ руханиятына Нұртілеу Иманғалиұлындай дара перзентті берген қарапайым ауылда бақытты балалық шағы өтті.
Әңгімемізге арқау болып отырған Шалқар Әнуарбекұлы жартығасырлық ғұмырында құқық саласының бірнеше сатысынан өтті, жауапты қызметтің де жүгі жеңіл емес екенін сезінді. Өзінің жеке кәсібіне кеткенге дейін заң органдарында ойып алар орны бар азамат болғанын көрсетті. Туған ауылындағы орта мектепті тамамдағаннан кейін Отан алдындағы борышын өтеп, екі жыл Ресейдің Владивосток қаласында әскер қатарында болып келді. Талдықорған қаласындағы заң колледжінде білім алды. Кейінірек Жолдасбеков атындағы заң институынан білімін жетілдіріп, жоғары білімді заңгер мамандығын алып шықты. Бұл аралықта ішкі істер саласында еңбек етіп, өзіне жүктелген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Туған топырағы Ақсу ауданындағы, облыс орталығы Талдықорған қаласындағы полиция басқармасында елеулі жылдарын өткізді.
«Ер қанаты – тұлпар» деген халықпыз ғой. Бала жасынан атқұмар болып өскен Шалқар Алдабергенов соңғы жылдары атамұрамызды жалғастырып атбегілікті қолына алды. Сәйгүлік баптап, додаға салды. Қылқұйрықты жануар десе қаны қызып кететін қазақтың бір ұлы Шалқар қазіргі таңда Ақсу аудандық ұлттық спорт федерациясының тізгінін ұстап келеді.
Бұл күнде ардақты әке, асыл жар, отбасының тірегі. Құдай қосқан қосағы Қарақат Дәулетқызы екеуі қос қанатындай екі ұл мен көзінің нұрындай қызын тәрбиелеп өсірді. Үлкені Ғалым Оңтүстік Кореяның әскери академиясын тамамдап, қазіргі таңда Елордада мемлекеттік қызметте. Екінші ұлы Дінмұхамед Талдықорған қаласындағы Жетісу университетін бітірген. Қазір бұқаралық спорт мекемесінің әдіскері. Ал қызы Аяулым Талдықорғандағы №20 физика-математика бағытындағы арнаулы лицейдің 8-сынып оқушысы. Бір қызығы, Шалқардың асыл жары Қарақат та алдымен заң техникумында, одан кейін Д. Қонаев атындағы заң университетінде білім алған. Бұл күнде Талдықорған қалалық полиция басқармасында бөлім бастығы болып қызмет етеді. Шалқар Әнуарбекұлы 2005 жылдан бері «Дінмұхамед» шаруа қожалығын құрып, атакәсіпке бет бұрған. Мыңғырған мал айдаған Қарабайдай атағы шықпаса да кәсібінің нәсібін көріп, Жаратқанның берген ырыздығынан айналасына да өз сыбағасын беріп, қол ұшын созып келе жатыр. Адал еңбек қашан да азаматтың абырой- ын асқақтатады.
Ай-Зере





