Қалыптасқан дағдыға сай қыркүйек айының 27 жұлдызында Жетісу жұрты Талдықорғанның қала күнін айрықша сән-салтанатпен атап өтті. Бір ай бойы әр түрлі іс-шара, байқаулармен жалғасқан шаһар тойы қаладағы «Жастар» саябағында қорытындыланды.
Жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Базіл көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, ол тарихы тереңде жатқан облыс орталығы бүгінде қарқынды дамып, күннен-күнге ажарлана түскенін, биылғы қала күніне орай 30-дан астам мәдени-әлеуметтік іс-шара ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар мен көрмелер, тазалық акциялары барынша қамтылғанын жеткізді.
Осыдан соң шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп өркендеуіне сүбелі қосқан үлес қосқан 35 азаматты және үздік нәтиже көрсеткен мекемелерді әр түрлі номинациялар бойынша арнайы Құрмет грамотасы және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сый-құрметке ие болғандардың қатарында «Үздік аула», «Үздік көпқабатты тұрғын үй», «Үздік тазалықшы», «Үздік ауылдық округ», «Үздік сауда нысаны», «Үздік үлгілі тұрғын үй», «Үздік аулашы», «Үздік үлгілі тұрғын үй ауласы» және «Үздік коммерциялық нысан» сынды бірқатар номинация жеңімпаздары да бар.
– Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған болатын. Бүгін марапатталған әр азамат қаламыздың дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген жандар. Осы ретте, түрлі салада адал еңбек етіп жүрген азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Оларды құрметтеп алғыс білдіру біздің басты парызымыз. Баршаңызды бүгінгі Қала күнімен құттықтаймын!,– деді Ернат Дүсенбекұлы.
Шаһар басшысының сөзінше, батысы бұл той күні облыс орталығындағы 14 сәби дүниеге келген. Ата-анасының көз қуанышы болған нәрестелердің 11-і ұл 3-і қыз. Сонымен қатаар биыл облыс орталығында көптеген маңызды әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асқан. Соның нәтижесінде қаладағы «Құлагер» шағын ауданында жаңа саябақ пайдалануға берілсе, апатты деп танылған үйлердің тұрғындары бірінші нарықтағы пәтерлерге қол жеткізген. Ал «Жастар-3» тұрғын үй алабы табиғи газға қосылып, «Арбат» жаяу жүргіншілер аумағы заманауи үлгіде абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілді демалыс орнына айналған. Бұл жетістіктерге қала халқының қосып отырған үлесі зор.
Жас өнерпаздардың әсем әнімен шымылдығын түрген мерекелік сахнада аймақ әншілері мен Нұрболат Абдуллин, Балжан Бидаш, Олжас Абай және Ademi сынды танымал қазақ эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, концерттік бағдарламаны 60 мыңнан астам адам тамашалаған. Сонымен бірге қала әкімдігі мен ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бастамасында Талдықорған қаласы әкімінің кубогы үшін арнайы ат бәйгесі ұйымдастырылды. Бұл жолғы жарыс 6 шақырымдық «Тай», 18 шақырымдық «Топ», 27 шақырымдық «Аламан» бәйге болып үш кезеңде өтті. Жалпы жарысқа еліміздің әр аймағынан жиналған 200-ге жуық сәйгүлік қатысты. Көп өтпей ауыздықпен алысып, қазыналы қарттың ақ батасымен жарыс жолына түскен сәйгүліктерден жүзден жүйрік мыңнан тұлпар шыққандары анықталды. Атап айтсақ 6 шақырым тай жарысында І орынға Жамбыл ауданы, Шиен ауылының тұрғыны Аманбек Мүттахи есімді азамат ие болса, топ бәйгеде І жүлдені Ескелді ауданыннан Марлен Даутәліповтің сәйгүлігі еншіледі. Ал аламан жарыста алдына қара салмаған Жетісудың даңқты шабандозы Амангелді Хамза мінген шабандоз топ жарып, бас жүлделі болған ат иесі Қайрат Ізбасар темір тұлпар тізгіндеп қайтты.
Айдын КӘЛІМХАН






