Адам өмірінің мәні оның артында қалдырған еңбегімен, тәрбиелеген шәкірттерімен өлшенеді. Бар ғұмырын ұстаздық пен ғылымға арнап, бақытын еңбектен тапқан сондай жанның бірі – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Гүлнар Оналбайқызы Қожашева мерейлі 70 жасқа толып отыр.
Гүлнар Оналбайқызы 1973-1977 жылдары С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде білім алып, 1977 жылы еңбек жолын Талдықорған педагогикалық институтында бастап, математика пәнінен дәріс берді. Сол кезден бері, яғни 47 жылдан астам уақыт Жетісу өңірінің жоғары білім саласына қызмет етіп келеді.
1990 жылдан бастап Жетісу университетінде «Жоғары математика» кафедрасында аға оқытушы болып, кейін 2006-2016 жылдары математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болды. Ұстаздықпен қатар ғылым жолын жалғап, 2003 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, 2009 жылы доцент атағын иеленді.
Гүлнар Оналбайқызы ұстаздық қызметін абыроймен атқара жүріп, факультет пен кафедраның оқу-әдістемелік, тәрбие жұмыстарына белсене араласты. Ғылыми-теориялық конференцияларда өзіндік көзқарасын білдіріп, тың зерттеулерімен танылып, ғылыми ортада беделге ие болды.
Тек білім берумен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да үлес қосты. 2005-2010 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Бақылау комитеті жанындағы комиссия құрамында болып, білім беру сапасын бағалау ісіне қатысты. Сонымен қатар, министрлік аясында түрлі сараптамалық комиссия мүшесі әрі білім сапасын бағалау жөніндегі сарапшы ретінде жемісті еңбек етті.
Ғылыми жобаларға да белсене араласқан ғалым бірнеше байқауға төрайым, мүшелік етті. 2012-2020 жылдары «Инновация» аймақтық ғылыми жобалар байқауына қатысып, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған жобаның мүшесі атанды. Ал кейінгі жылдары ҚР БҒМ гранты аясында «Школа-Колледж-Вуз» жүйесінде халықаралық стандарттарға сай кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруға арналған жобаға жетекшілік етті.
«Еңбектің өнбегі бар» дегендей, оның табанды еңбегі нәтижесінде 130-дан астам ғылыми мақала, 3 монография, 11 электронды оқулық пен 23 оқу құралы жарық көрді. Олар бүгінде білім беру ісінде кеңінен қолданылып жүр.
Ғалым-ұстаздың 47 жылдық еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ол «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен және өзге де марапаттармен марапатталды. 2019 жылы 200 үміткердің арасынан озып шығып, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды.
Ұлағатты ұстаз – өнегелі отбасының да тірегі. Үш баласын тәрбиелеп, бүгінде немерелерінің шат күлкісіне бөленген бақытты әже.
Саналы ғұмырын ұстаздық пен ғылымға арнаған Гүлнар Қожашеваның мерейлі 70 жасы – тек отбасы мен шәкірттерінің ғана емес, күллі Жетісу жұртшылығының ортақ қуанышы. Біз де мерейтой иесін шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Сабыркүл СЕЙІТОВА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор





