Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтетінін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі – Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі теміржол құрылысы екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба еліміз үшін стратегиялық тұрғыдан айрықша маңызға ие.
– Жұмысшыларымыз үш жылға жуық уақыт бойы күні-түні табанды еңбек етті. Осындай белсенді жұмыстың арқасында теміржол мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Мұны шын мәнінде тарихи сәт деуге болады. Бұл – баршаңызға ортақ қажырлы еңбектің жемісі. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Зор ризашылығымды білдіремін. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, транзиттік әлеуетімізді күшейте түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның бүгінде Еуразиядағы басты транзиттік хабтардың біріне айналғанын атап өтті.
– Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап тұр. Жеріміз арқылы 5 теміржол дәлізі өтеді. Оның бәрі әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашады. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Кейінгі он жылда осы салаға шамамен 35 миллиард доллар инвестиция салынды. Мен халыққа Жолдауымда бірқатар жобаны уақтылы жүзеге асыру туралы нақты тапсырма бердім. Алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Қазір «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің негізгі бөлігі. Мұның бәрі Еуропа мен Азияны жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді. Жалпы, бәсекеге қабілетті ел болу үшін экономикамыздың қуатты болуына назар аударуымыз керек. Бұл ретте көлік-логистика саласының орны бөлек. Сондықтан Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру – негізгі басымдықтардың бірі болып қала бермек. Теміржол саласының алдында тұрған міндеттер айқын, – деді Президент.





