Испаниялық бұқаралық ақпарат құралдары «Реал Мадрид» футбол клубы Чемпиондар лигасының «Қайратқа» қарсы Алматыда өтетін матчы алдында УЕФА-ға ресми өтініш білдіргенін хабарлады, деп жазады 7-su.kz ақпараттық порталы Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Diario Madridista басылымының мәліметінше, мадридтік клуб Орталық стадиондағы шөптің биіктігін қысқартуды сұраған. Алайда еуропалық ұйым бұл өтінішті қабылдамаған. Матч қарсаңында алаңдағы шөптің биіктігі 25 миллиметр болған.
Футболшылар әдетте шөбі 20–22 миллиметр болатын алаңдарда ойнауға үйренген. Мысалы, «Хетафеге» қарсы кездесуде алаңдағы шөп 27 миллиметр болғаны айтылған.
УЕФА ережесіне сәйкес, шөптің биіктігі 30 миллиметрден аспаған жағдайда алаң иелеріне оны қайта шабуға міндетті талап қойылмайды. Сондықтан «Реалдың» өтініші орындалмаған.





