І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің экология мамандығының 3-курс студенттері үшін «Биоалуантүрлілікті сақтау» тақырыбында ашық танымдық сабақ ұйымдастырылды.
Іс‑шара «Алтын‑Емел» ұлттық паркінің №1 туристік бағыты — Айғайқұм табиғи ескерткішінде өткізілді. Сабақты парк қызметкерлері жүргізіп, студенттерге өсімдіктер мен жануарлар әлемінің маңыздылығы, табиғатты қорғау жолдары және аумақтағы тарихи‑мәдени ескерткіштер туралы қызықты және мазмұнды ақпарат ұсынды.
Сабақ барысында қатысушыларды ұлттық парктің қоршаған ортаны қорғау бағытындағы тәжірибесімен таныстыру, биоалуантүрлілікті сақтау шаралары мен экологиялық мониторинг әдістері туралы түсінік беру жұмыстары жүргізілді. Іс‑шара соңында қатысушыларға арнайы экологиялық әдебиеттер сыйға тартылды.
Мұндай танымдық сабақтар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады.





