Бұл шараның басты мақсаты – кәсіпорын жұмысы жайлы жұртшылыққа толыққанды ақпарат беру, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайту.
Турға облыстық мәслихат депутаттары, коммуналдық кәсіпорын өкілдері, мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Андрей Рогожиннің айтуынша, 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама көлемі 164,3 млн. теңгені құрап отыр. Қаржы кәсіпорынның өз қаражаты есебінен бөлініп, су құбыры мен кәріз жүйелерін жаңарту мен күрделі жөндеуге бағытталуда. Бұл өз кезегінде желілердің тозуын азайтып, жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Алғашқы нысан – Талдықорған қаласындағы Желтоқсан көшесі. Мұнда кәріз желілері ауыстырылуда.
– Қаладағы барлық ағынды судың 30 пайызы төменгі бөлікке – туберкулез диспансері жағына қарай ағады. Мұнда сорғы стансысы орналасқан. Сол арқылы ағынды су Қабанбай батыр көшесіне жеткізіліп, ары қарай тазарту құрылыстарына барады. Инвестжоба аясында біз Жапсарбаев көшесінен Ақылбеков көшесіне дейінгі аралықтағы 200 метр құбырды ауыстырудамыз. Болат құбырлардың орнына пластик құбыр салынып жатыр. Себебі, бұл жер орта агрессивті, – деді бөлім басшысы Андрей Рошков.
Келесі нысан – Өтенай ауылындағы Жансүгіров көшесі. Мұнда Жамбыл мен Абай көшесі аралығындағы 300 метр ауызсу құбыры жаңартылуда. Бұл жерде су қысымына төзімді болат құбыр қолданылады. Сондай-ақ, апатты жағдайдағы Жаңа ғасыр және Ойжайлау көшелеріндегі үлкен диаметрлі құбырлар да ауыстырылатын болады.
Жалпы, инвестициялық бағдарлама аясындағы барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп, жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Сонымен бірге, кәсіпорын 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарымен бөлісті. Алдағы кезеңде су жүйесінің сенімділігі мен тиімділігін арттыру бағытындағы жобалар жүзеге асырылып, тарифтік саясатқа енгізілмек.
Бір сөзбен айтқанда, «Жетісу Су құбырының» қызметі ашықтық пен айқындыққа негізделген. Бұл қоғам мен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтып, халыққа сапалы қызмет көрсетудің кепілі болып отыр.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





