1923 жылы туған жазушы, қазақ әдебиетінде шырғалаң оқиғалы детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың туғанына биыл 102 жыл толды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Кемел Тоқаев Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған ол ұзақ жылдар бойы журналистика мен баспасөз саласында еңбек етті. 1948-1984 жылдары Жамбыл облыстық газетінде, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ведомстволарының бас редакторы және Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды.
Жазушының шығармалары соғыс тақырыбы мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өмірін арқау етті. Оның қаламынан «Тасқын», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Таңбалы алтын», «Жұлдызды жорық» сияқты повестер жинағы, «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдары, сондай-ақ «Қыс қарлығашы», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Шоқ жұлдыз» туындылары жарық көрді.
Детектив жанрында «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» пьесалары жазылып, бірқатар еңбектері шет тілдеріне аударылды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ бірнеше медальдармен марапатталған.





