Биылғы мереке аясында Ескелді аудандық орталық ауруханасында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Шара барысында 215 аудан тұрғыны тегін медициналық тексеруден өтті. Қариялар мен тұрғындарды қабылдауға психолог, терапевт, кардиолог, хирург және невропатолог мамандар жұмылдырылды.
Бұл күннің маңыздылығын аурухананың психолог маманы Ерлан Тұрсын атап өтті.
– Біз осындай игі шараларға әрдайым қатысамыз. Қарттарымыз арнайы келіп қаралады. Ал әлеуметтік желілерде, ризашылықтарын білдіріп жатады. Бұл бізге де күш-қуат береді, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені қазыналы қарттарға көрсетілген әрбір қамқорлық – болашақ ұрпаққа үлгі, қоғамдағы ізгіліктің белгісі.
Жүрек жылытқан бұл шараға келгендердің бірі Шымыр ауылының тұрғыны Күлнәсия Нүсіпова.
– Өзім І топтағы мүгедекпін. Бүгін дәрігерлер тегін қарап, УДЗ-ге түсірді. Бұл – біз үшін үлкен көмек. Қызым да осы ауруханада ішегіне ота жасатқан болатын. Өкінішке қарай, мүгедектігіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы ала алмай отыр. Дегенмен, дәрігерлердің еңбегіне ризамын. Қарттарды қадірлеп, осындай қамқорлық көрсетіп жатқан жандарға алғысым шексіз, – дейді зейнеткер.
Қарттар күні тек күнтізбелік мерекеден гөрі аға буынның қадірін білуге, олардың еңбегін бағалауға шақыратын үлкен тағылым.
С. КӘКІМҰЛЫ
Ескелді ауданы





