Күз мезгілінде жаңғақтың ағзаға пайдасы ерекше. Ол қолжетімді әрі Омега-3 май қышқылдарына, Е дәруменіне, магний, калий және антиоксиданттарға бай, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы El.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарапшылардың айтуынша, жаңғақ иммунитетті күшейтеді, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады және мидың жұмысын жақсартады. Құрамындағы мелатонин ұйқыны реттесе, жасыл жаңғақтың қабынуға қарсы әсері буындарға көмектесіп, тері мен шашты қорғайды.
2025 жылдың тамызында Nutrients журналында жарияланған Джордж Вашингтон университетінің зерттеуіне сәйкес, жаңғақты жүйелі түрде тұтыну инфаркт қаупін 15%-ға төмендетіп, 60 жастан асқан адамдардың жадын 10%-ға жақсартатыны дәлелденген.
Диетологтар норманы сақтау қажеттігін ескертеді: күніне 3–5 дән (шамамен 30 грамм) жеткілікті. Себебі артық мөлшер асқорытуға салмақ түсіріп, калорияның (100 граммда 654 ккал) көптігі салмақ қосуға әкелуі мүмкін. Мамандар жаңғақты бал мен ірімшік қосылған таңғы асқа немесе жеміс салатына қосып жеуге кеңес береді.
«Жасыл жаңғақ тосап жасауға жиі қолданылады және оның қабынуға қарсы қасиеті ерекше бағаланады. Бұл әрі пайдалы өнім», – дейді диетолог Нигяр Гусейнова Trend News-ке берген сұхбатында.
Күзде грек жаңғағы дәрумен жетіспеушілігі кезінде, суық тиюдің алдын алу мен мидың жұмысын қолдау үшін таптырмас тағам саналады.





