Қазақстан тарихында алғаш рет әйел адам ғарышқа турист ретінде сапар шегеді. Қазақ кәсіпкері Данна Қарағұсова жақын күндері Blue Origin компаниясының New Shepard суборбиталық кемесімен ұшатын NS-36 миссиясының экипаж құрамына қосылды.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, Қарағұсовамен бірге ғарышқа америкалық кәсіпкер Джефф Элгин, инженер Клинт Келли III, стартап негізін қалаушы Аарон Ньюман, украиналық бизнесмен Виталий Островский және аты-жөні құпия сақталған тағы бір жолаушы көтеріледі.
Instagram парақшасында Данна Қарағұсова бұл сапарды өзінің көп жылдар бойғы арманымен және ғылыми-зерттеу жобасының жалғасы деп атады:
«Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Жаңа көкжиектерді игере отырып, біз технологияларды дамытамыз әрі өз мүмкіндіктерімізді кеңейтеміз. NS-36 миссиясы – мен үшін үлкен арманға қадам», – деп жазды ол.
Қарағұсова туралы не белгілі?
Данна Қарағұсова – 25 жылдан астам уақыт бойы медиа, дистрибуция және іс-шара ұйымдастыру саласында еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер. Ол Portals атты мультимодальды экожүйенің теңқұрушысы әрі FMG маркетингтік холдингінің негізін қалаушы.
Сонымен қатар ол Қазақстанның бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сенат пен Мәжіліс депутаты болған Гүлжан Қарағұсованың қызы.
Бизнес саласынан бөлек, Данна альпинизммен де айналысады: ол Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған. Өзі үшін мұндай сынақтарды «ішкі күшті сынау жолы» деп санайды, ал ғарышқа сапарды «адамзат эволюциясының жаңа кезеңін ашатын трансформациялық тәжірибе» деп сипаттайды.
Тарихи миссия
NS-36 миссиясы – Blue Origin компаниясының 15-пилотталған ұшуы болмақ. Бұған дейін жоба аясында 75 адам ғарышқа көтерілген, кейбірі екі мәрте ұшқан.
Ұшудың нақты күні кейінірек жарияланады. Blue Origin ғарыш сапарын ресми сайтында, әлеуметтік желілерде және YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр.
«Жетісу-Ақпарат»





