Арқаның өнер мектебінен сусындап, оның әсем әндерін Жетісу мен Тарбағатай өңіріне жеткізген, Біржанның, Ақанның, Құлтуманың әндерін шығыс аймаққа таратқан Әсет Найманбаевты танымайтын қазақ кемде-кем. Халық оның барлық өлеңін, айтыстары мен қисса-дастандарын білмесе де «Інжу-маржан», «Қысмет», «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Қоңыр қаз» тәрізді әндерін әлі күнге шырқап жүр.
Әсет Найманбайұлы әнші ғана емес, айтыс ақыны да болған. Ол Ырысжан, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмет атты ақындармен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұрғыман-Нағым», «Мәлік-Дарай», «Жәмсап», «Кешубай» атты қисса-дастандары бар.
Халық игілігі үшін жұмыс істеп келе жатқан біртуар тұлғаның атындағы әдеби-мемориалдық мұражай Абай облысы, Мақаншы ауданында орналасқан. Мұражай қызметкерлері Жетісуға жетіп, ақын Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдығы аясында «Аты Алашқа танымал ақын — Әсет» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Көрмеге Әсет Найманбайұлының және отбасының қолданған жеке заттары қойылды. Көрермен назарына жез леген, шойын құмған, әмиян сынды тарихи жәдігерлер ұсынылып отыр.
– Әдеби-мемориалдық мұражайдың тарихы 1990 жылдан бастау алады. 1992 жылы Әсет Найманбайұлының 125 жылдығына орай лентасы қиылған болатын. Содан бері жұмыс істеп келеді. Мұражайда 2 мыңға жуық жәдігер бар. Оның 100-ге жуығы Әсет пен ұрпақтары пайдаланған заттар. Соның ішінде ақынның медіресседе оқып жүрген кезіндегі бойтұмары, насыбайкүш шақшасы сақталған, – дейді Әсет Найманбайұлы әдеби-мемориалдық мұражайының меңгерушісі Жазира Тауетова.
Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы музейде ұйымдастырылып отырған шара екі күнге жалғасады.
Медет ЖҰМАБАЙ





