Көктем, жаз маусымында көктен ылғал әдеттегіден аз түсіп, жазғы мал жайылымдары қуаң тартқандықтан жайлаудан мал етекке ерте түсті. Ойдағы жүгері алқаптары әлі орылып болмағандықтан, жайлаудан келген малдың көбі тау баурайындағы сай-салада, Іле өзені жағалауындағы табиғи жайылымдарда бағылуда. Бұл уақытша қиындық десек, жүгері жинау науқаны аяқталғанан кейін дәні жиналған егін алқаптары малдың жайлы жайылымына айналады.
Биылғы мал азығын дайындауға шаруалар мен ауылдықтар белсене кірісуде. Өңірде қыс пен көктемгі мал төлдетуге жалпы 204,5 мың тонна шөп, 23600 тонна жоңышқа, 26,5 мың тонна сүрлем, 35,8 мың тонна сабан, 14 мың тонна пішендеме және 53,4 мың тонна жүгері жемін дайындау жоспарланған. Аудан бойынша жалпы 334,2 мың тонна жем-шөп қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына дайындап алу көзделген. Бұл жоспар қазан айының алғашқы күніне дейін 93,9 пайызға жүзеге асты.
Жоспардағы шөп жинау 105,1 пайызға орындалып, 215 мың тонна топталды. Пішендеме дайындау да көңіл демдейді. Ол жоспардағыдан 30 пайызға жуық артығымен бастырылып, 17,7 мың тоннаны құрады. Сүрлем әзірлеудің жоспары ортан белден сәл артқан. Мұның себебі өңірде сүрлем негізінен жүгері сабағынан бастырылады. Ал ауданда «дала аруының» дәнін жинау науқаны жаңа басталуда. Сабан мен жоңышқа жоспары 100 пайызға орындалған.
Қыс, көктем маусымында малға берілетін жүгері жемін дайындау да орақ науқанының нәтижесіне байланысты алдағы екі айда толық әзірленбек. Қазір мал қоралары мен малшы үйлерін жөндеп, қыс маусымына дайындау қолға алынды. Жалпы мал қыстайтын 470-тен аса қыстау бар. Мал қыстату мен көктемгі қой төлдету науқанына әзірленген жемшөптің 80 пайыздан астамы қыстауларға тасылып, жиналды.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ





