Халықаралық қарттар күні. Бұл мереке 1990 жылдың 14 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен күннен бастап, әлем елдерінде аталып келеді. Қазақстанда да жыл сайын бұл күн ардагерлерге деген ілтипат пен құрметтің айрықша белгісі ретінде ұйымдастырылады.
Осыған орай Талдықорған қаласында қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы басталды. Айлық аясында ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте Талдықорған қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәди Шәкенов хабарлады.
– Қаламызда бүгінде 28 600-ден астам қария тұрады. Олардың қатарында ғасыр жасаған 5 қарт, 542 тыл еңбеккері бар. Еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз, – деді Мәди Шәкенов.
Айлық аясында ардагерлердің үйлеріне барып, мерекелік дастарқан жаю, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету, мәдени-спорттық шаралар өткізу жоспарланған. «Қарттарым – асыл қазынам» атты қайырымдылық акциясы аясында мейрамханаларда мерекелік дастарқан жайылып, қариялар қуанышқа бөленбек. Сонымен қатар ардагерлер арасында өнер байқаулары, концерттер мен фестивальдер ұйымдастырылады.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолдауымен қарттарды спортқа қызықтыру, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, тегін заңгерлік және медициналық кеңес беру жұмыстары қолға алынады. Мектеп пен колледж студенттері жалғызбасты зейнеткерлерге қамқорлық көрсетіп, волонтерлік акцияға қатысады.
– Біз үшін ең бастысы – аға буынға құрмет білдіру арқылы жас ұрпаққа үлгі көрсету. Қариялардың өмір жолы – өшпес өнеге, – деді Мәди Шәкенов.
Халықаралық қарттар күні – тек мереке ғана емес, аға буынға деген қоғамның ықыласы мен ризашылығының белгісі.
Гүлжан ТҰРСЫН





