Тұмаудың жаңа эпидемиологиялық маусымының басталуына орай облыста халықты иммундау шаралары жүргізілуде. Тұмауға қарсы ең тиімді алдын алу әдісі – вакцинация. Бұл жөнінде Журналистер үйінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жүнісова айтты.
Қыркүйек айының соңында облыс көлемінде «Тұмауға қарсы егілейік» акциясы ұйымдастырылып, бүгінгі күнге дейін 2180 адамға екпе салынды. Олардың ішінде медициналық қызметкерлер, жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулы ересектер және әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілері бар.
Асхат Сәкенұлының айтуынша, биылғы эпидемиологиялық маусымға облысқа барлығы 82 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы жеткізген. Оның ішінде 80 мың доза облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы, 2 мың доза Кербұлақ аудандық орталық ауруханасы есебінен алынған. Бұл облыс халқының шамамен 12-13 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.
Иммундау жұмыстары облыс бойынша 449 егу пунктінде жүргізілуде. Вакцинация алдында әрбір тұрғын дәрігердің тексеруінен өтіп, екпеге рұқсат алғаннан кейін ғана салынады.
Брифинг барысында журналистер вакцина алған адам мен екпе жасатпағандардың денсаулығында қандай өзгешелік болатынын білгісі келді. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, вакцина суық тиюден сақтап қана қоймай, иммунитетті күшейтіп, басқа да жұқпалардан қорғайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері әртүрлі вакцина бола тұра тек «Гриппол плюс» вакцинасын алудың себебін түсіндіруді сұрады. Бұл сауалға жауап берген Гүлнәр Рахымбекқызы аталмыш екпенің тұмаудан сақтауда тигізетін тиімділігін айтты.
Алдын алу шаралары тек вакцинациямен шектелмейді. Дәрігерлер тұрғындарға дәрумендер қабылдауды, тиімді тамақтануды, үй-жайларды жиі желдетуді, жекебас гигиенасын сақтауды, қоғамдық орындарда бетперде қолдануды және халық көп жиналатын жерлерден аулақ болуды ескертеді.
Г. МҰҚАШҚЫЗЫ





