Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама шаңырақты шайқап, қанша отбасына қара жамылдырды десеңізші? Жеңіс туының көтерілгеніне 80 жыл өтсе де тарихта ізі, жүректе сызы қалған отты жыл ұмытылмақ емес. Сол от пен оқтың ортасынан Отанына аман оралған солдаттар да саусақпен санарлықтай қалды. Облыс орталығы Талдықорған қаласында соғыстың соңғы солдаты өмір сүріп жатыр. Майдан даласындағы алапат дауыл сөндіре алмаған жауынгер жүрегіндегі шырақ бейбіт күнде мыңдаған шәкірттің санасына сәулесін құйды. Ол соғыс ардагері Ысқақ Құсайыновтай қаһарманның, Отанына оралғаннан кейін ұлағатты ұстаздық жолға ғұмырын арнаған ардақты жанның жүрегіндегі шырақ еді.
1924 жылы Көлбай ауылында дүниеге келген ол жастайынан елге қызмет етуді мақсат тұтты. Бар-жоғы 18 жасында өз еркімен майданға аттанып, Екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалынында шыңдалды. Украина майданында, Амур флотының зенит дивизиясында, кейін Тынық мұхит әскери аймағында зенитші-пулеметші ретінде ерлік көрсетті. Жауынгерлік адалдығы үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағына ие болып, Жапон соғысына да қатысып қайтты. 1947 жылы елге аман-есен оралып, қолына қару емес, қалам алды.
Өмірінің жаңа белесін осылай бастаған Ысқақ Әбілпейісұлы Лепсі педагогикалық училищесін тамамдап, жүрек қалауымен ұстаздық жолға түсті. Қырық жылға жуық уақытын шәкірт тәрбиесіне арнап, мектеп қабырғасында білім берді. Оның әр сабағы тек пәндік біліммен ғана емес, өмірлік өнегемен өріліп отырды. Соғыс көрген ұстаздың айтқан әрбір сөзі оқушыларды ерлікке, табандылыққа, елге адал қызмет етуге баулыды.
Ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Ысқақ Әбілпейісұлы ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Жуков» медалімен марапатталды. Халық ағарту ісінің озық қызметкері атанып, туған өңірі «Алакөл ауданының Құрметті азаматы» мәртебесіне ие болды. Бұл марапаттар – оның бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған еңбегінің айқын дәлелі.
Ардагердің жары Бақыш Нұратаева да ұзақ жыл мектеп мұғалімі ретінде жолдасының өмірлік серігі ғана емес, әріптесі де болды. Қызы мен немересі әке-ана жолын жалғап, ұстаздық мамандықты таңдады. Бүгінде жасы 101-ге келген Ысқақ ақсақалдың 9 немересі, 31 шөбересі, 5 шөпшегі өсіп-өніп отыр. Бірқатар мектеп оқулықтарының авторы атанған ұлағатты ұстаздың аты білім саласында мәңгілікке таңбаланды.
Ысқақ Құсайынов – ұстаздықты тағдырдың емес, жүректің таңдауы деп қабылдаған жан. Өмір жолы өскелең ұрпақ үшін үлкен сабақ. Оның соғыстағы ерлігі – батырлықтың, ұстаздықтағы еңбегі – парасаттың, отбасындағы тіршілігі – ізгіліктің айғағы.
Нағыз ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол – елдің ертеңін қалыптастырушы, ұрпаққа бағыт беруші тұлға.
Гүлжан ТҰРСЫН





