Әлиханның ұстаздық жолы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің тарих факультетін тамамдағаннан кейін басталды. Еңбек жолын қарапайым мұғалім ретінде бастағанымен, шәкірттерін тек дерек пен оқиғадан гөрі, сыни ойлауға, тарихи сабақ пен бүгінгі күн арасындағы байланысты сезінуге баулыған оның жаңашыл әдісі оқушылардың қызығушылығын арттырып, алғашқы табысқа жол ашты. 2018 жылы «Жылдың үздік мұғалімі» облыстық байқауында жүлделі орынға ие болуы – осының айқын дәлелі.
Жас ұстаздың еңбегі көп ұзамай бағаланды. Әдістемелік ізденісі мен ұйымдастырушылық қабілеті оны білім бөлімінде бас маман қызметіне әкелді. Бұл кезеңде ол басқарушылық тәжірибе жинап, әкімшілік тетіктерді жете түсінді. Дегенмен жас маман шын өзгерістің оқушылардың жанында, мектептің ішінде жүзеге асатынын терең сезінді. Сондықтан 2021 жылы қайтадан мектеп ортасына оралып, Сарыөзек орта мектебінде директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Осы жылдарда ұжыммен жұмыс істеудің маңызын түсініп, жас мұғалімдерге тәлімгерлік жасаудың жүй- есін енгізді. Педагогтардың кәсіби өсуіне жағдай жасап, ортақ мақсатқа жұмылған команданың ғана үлкен жетістікке жете алатынын дәлелдеді.
2023 жылы Кербұлақ ауданындағы Панфилов мектебіне басшылық ету – оның жаңа белесі болды. Жас директорға деген сенім уақыт өте ақталды. Мектептің білім сапасы айтарлықтай көтеріліп, оқушылар мен мұғалімдердің жетістігі арта түсті. Оқу орны аудандық семинарлар мен олимпиадалар өтетін тәжірибе орталығына айналды. Мұғалімдердің еңбегі облыстық және республикалық деңгейде мойындала бастады.
Әлихан Ирғалиұлының бастамаларының ішінде «Командалық оқыту», «Оқушының дауысы», «Педагог-тәлімгер» секілді жобалардың орны бөлек. Бұл бастамалар балаларды ынтымаққа, көшбасшылыққа, өз пікірін еркін білдіруге баулыса, жас мамандарға қолдау көрсетудің жаңа үлгісін қалыптастырды. Сонымен қатар «XXI ғасырдың цифрлық мектебі» жобасы білім процесіне жаңа технологияларды енгізіп, заманауи оқыту жүйесін дамытуға негіз болды.
Жас басшының басты қағидасы – дәстүрді сақтай отырып, жаңашылдыққа жол ашу. Ол үшін білім беру – өмірге дайындау. «Әрбір бала мектепке өз жұлдызымен келеді, менің міндетім – сол жұлдыздың жарқырауына көмектесу» деген ұстанымы оның кәсіби жолының бағдаршамына айналған.
Ол үшін «ең жас директор» атағы мақтан емес, үлкен жауапкершілік. Бұл еңбек жолы – оған сенім артқан ұжымның, ата-ананың және оқушының алдындағы міндет. Оның еңбекқорлығы мен жаңашылдығы өңіріндегі білім жүйесіне тың серпін беріп отыр.
Кербұлақ ауданы





