«Жетісу» волейбол клубы Астанада өтіп жатқан І-турдағы (кіші тур) екінші ойынында «Тұран» (Түркістан облысы) командасымен ойнап, 3:1 (25:9, 18:25, 25:13, 25:11) нәтижесімен жеңіске жетті.
«Жетісу» алғашқы сетті сенімді ұтқанымен, екінші кезеңде ойынды ыдыратып алды. Қорғаныс әлсіреп, шабуылда білгенінен жаңылды. Алайда үшінші және төртінші сетте тез ес жиған Марко Гршич жаттықтыратын команда жеңісті уыстан шығарған жоқ.
– Чемпионатта осал қарсылас жоқ. Дайындығымыз өте жақсы болған, тек екінші сеттегі ойынымыз жүрмегені болмаса. Команда тез ес жиып, қателіктерден қорытынды шығарды. Енді өз тобымыздағы маңызды ойын күтіп тұр. Барымызды салатын боламыз, – дейді «Жетісу» командасының ойыншысы Перизат Нұрбергенова.
«Жетісу» командасы І – кіші турдағы соңғы ойынын «Берел» (Шығыс Қазақстан облысы) клубына қарсы өткізеді. Ойын 4 қазан, 15:00-ге жоспарланған.





