Қазақ сахна өнерінің биік шоқтығы, халықтың сүйікті ұлы, ұлт руханиятында өшпес із қалдырған Құман Тастанбековтың туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Осыған орай Талдықорғандағы Салтанат сарайында тағылымды «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, ардақты актердің өнердегі орны мен өмір жолы кеңінен әңгіме болды.
Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Бикен Римова атындағы драма театры бірлесе өткізген шараға М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбек, белгілі театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, актердің жары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Өтекешева, сондай-ақ, сахна саңлақтары Рахилям Машурова, Саят Мерекеұлы, Болат Әбділманов, Мұратжан Мұқажанов және қос театрдың жас әртістері қатысты.
Алғашқы сөзді алған Еркін Жуасбек:
– Құман Тастанбеков – тек Жетісудың ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышы. Оның өнердегі өрнекті жолы – бүгінгі және келер ұрпаққа өнеге. Сондықтан да бұл мерейтойды туған жерінде атап өту – біз үшін мәртебе. Алматыда өткізу жоспарланған еді, бірақ театрда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан осы қасиетті Жетісу жерінде еске алуымызды жөн көрдік. Қолдау көрсеткен облыс басшылығына және Б. Римова театрының ұжымына алғыс айтамын. Бұл кеште біз Құман ағамыздың рухына арнап Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасын сахналауды лайық көрдік. Себебі «Қыз Жібек» фильмі арқылы Құман Тастанбеков халық жүрегінен ерекше орын алған еді, – деп ой бөлісті.
«Дөңгелек үстелде» белгілі өнертанушы, театр сыншысы Әлия Бөпежанова «Асыл өнер таптырмас алмасқа ұқсас» атты баяндама жасап, Құман Тастанбековтің сахнадағы даралығын, тұлғалық болмысын терең талдады. Оның айтуынша, сахна саңлағы сомдаған кейіпкерлер – қазақ рухының, ұлттық мінездің көркем айнасы.
Актердің курстасы Рахилям Машурова өткен күндерді тебірене еске алып:
– Біздің курста сегіз-ақ бала болдық. Жұлдызды курс едік. Солардың ішінде Құман мен Әшірбек дос болды, бір-бірін толықтырып жүрді. Құманның ізі – тарихта. Оның өнердегі жолы – ел аузында аңыз болып қала береді. Арманым – Сарқан ауданындағы Құманның аты берілген Мәдениет үйінің алдына бюсті қойылса елдің құрметі арта түсер еді, – деген ұсынысын білдірді.
Ал актер Болат Әбділманов:
– Құман елдің ғана емес, Жетісудың да перзенті. Мұндай шараға облыс басшылығы ғана емес, тіпті республикалық деңгейдегі тұлғалар қатысуға тиіс еді. Құман Тастанбеков – ұлтқа ортақ тұлға. Сол үшін Талдықорған төрінде ескерткіші орнатылса, елдің еңсесін көтеретін дүние болар еді, – деген жүрекжарды ойын жеткізді.
Көпшіліктің көзіне жас үйірген сәттің бірі – Меруерт Өтекешеваның сөз алуында болды. Қазақтың сүйікті актрисасы, марқұмның өмірлік жары:
– Құманымның туған жерінде осындай құрметке ие болуы – мен үшін ғана емес, барша қазақ үшін үлкен қуаныш. Өнердегі жолымыз бірге өрілгенімен Құманды халық мәңгілікке өз жүрегіне сақтап алды. Жетісудың топырағы біз үшін әрқашан ыстық. Осындай шара арқылы Құманның рухына тағзым еткендеріңізге шексіз алғыс айтамын, – деді.
Кешкісін Б. Римова атындағы театрда Әуезов театры музейінің ұйымдастыруымен «Өнердегі ер тұлға» атты көрме ашылып, артынша «Қыз Жібек» спектаклі қойылды. Бұл мерекелік кешке облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов арнайы келіп, облыс әкімі атынан ыстық ықыласын білдірді. Ол сахна саңлағының өнердегі орнын айрықша атап өтіп:
– Құман Тастанбеков – қазақ руханиятының қазынасы. Оның бейнелері халықпен бірге жасай береді. Бұл шара – сол еңбектің бағаланғаны, – деді. Сонымен қатар, ол қазақ дәстүрімен Меруерт Өтекешеваға камзол кигізіп, басына орамал тағу рәсімін орындап, гүл шоқтарын табыс етті.
Осылайша, Құман Тастанбековтің 80 жылдық мерейтойы туған жерінде айрықша рухта өтті. Сахнада сомдаған кейіпкерлерімен халықтың жүрегінде мәңгілікке қалған актерге деген сағыныш пен құрметтің символына айналды.
Ал басқосуда айтылған ұсыныстар – Сарқандағы актердің аты берілген Мәдениет үйінің алдына бюстін қою, Талдықорған төрінен ескерткіш тұрғызу – халықтың шынайы аманаты. Себебі, Құман Тастанбеков – тек сахнаның ғана емес, елдің ар-намысы мен асқақ рухының көрінісі. Оның есімі ел есінде, рухы ұрпақ санасында мәңгі жасай бермек.
Сарби ӘЙТЕНОВА





