Сарқан ауданында күзгі егіс жұмыстарының ең жауапты және қарқынды кезеңдерінің бірі қант қызылшасын жинау басталды.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, биыл қызылшаға 3 мың 800 гектар жер бөлінген. Жаз мезгіліндегі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шаруалардың өнім көрсеткіші көңіл қуантарлық.
Қазан айынан бастап Ақсу қант зауыты тәтті түбірді қабылдай бастады. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Қалиясқаровтың айтуынша, бұл ала жаздайғы шаруалардың қажырлы еңбегінің жемісі.
– Өнім егіс алқабында аптап ыстықта, жауын-шашында егіс алқабында еңбек еткен жандардың қажыр-қайраты мен маңдай тердің нәтижесін көрсетеді. Биылғы науқанға 22 қызылша, 18 шөп жинайтын комбайн жұмылдырылған. Заманауи техника мен механизаторлардың үйлесімді жұмысының арқасында егінді ысырапсыз аяқтаймыз деп отырмыз, – дейді ол.
Ауданда соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде шаруашылықтар 1 млрд. 267 млн. теңгеден астам сомаға 66 жаңа техника сатып алды. Бұл дала жұмыстарының тиімділігін арттыруға, жинау мерзімін қысқартуға және өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда аудандағы 74 ауыл шаруашылықтың 12-сі астық жинауға кірісті. Алғашқы 103 гектардан 4 мың 120 тонна қызылша алынды. Мамандардың болжамынша, қазіргі қарқын сақталған жағдайда жалпы нәтижелер былтырғыдан төмен болмайды.
Қызылша өсіру сарқандық шаруалар үшін таңсық емес. Бұл дақыл фермерлер үшін тұрақты табысты қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық қант өнеркәсібі үшін шикізат базасы қызметін атқарады. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Еңлік КЕНЕБАЙ





