Талдықорғандағы Жоғары политехникалық колледж студенттері арасында «Jetisý Jastary» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде» атты пікірталас өтті. Заманауи тақырыпқа арналған жиында жастар жаңа технологияларға көзқарасын білдіріп, жасанды интеллектің қоғамдағы орны жайында ой қозғады.
Жастардың айтуынша, жасанды интеллект адамзатқа қауіп төндірмейді. Керісінше, өмірді жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашады. Қиын да күрделі сауалдарға лезде жауап беріп, кез келген ақпаратты тауып беруге мүмкіндігі зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы жасанды интеллектіге қатысты негізгі басымдықтарды түсіндіру аясында өрбіген кездесудің басты мақсаты – жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, оларды жаңа технологияларды игеруге ынталандыру.
Жиында «Jetisý Jastary» КММ директоры Шамиль Ванкеев студенттермен еркін диалог жүргізіп, жасанды интеллектінің еліміз үшін әкелетін мүмкіндіктері мен туындайтын сын-қатерлері жайында баяндады.
Сондай-ақ Талдықорғанда жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған «JET UP» студенттік клубының ашылғанын хабарлады. Жаңа клубта жастар үшін 10 бағыт қарастырылған: дебат, би, вокал, SMM, волонтерлік, спорт, кибернетика, интеллектуалды ойындар және ұйымдастырушылық қабілеттерді дамыту.
Осылайша, жаңа заман жастары технологиялық жаңашылдықтарға бейімделіп қана қоймай, оларды игеру арқылы ел дамуына үлес қосуға дайын екенін көрсетті.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





