Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне облыс атынан қатысатын балуандарды іріктеу мақсатында «Жетісу Барысы» облыстық турнирі өз мәресіне жетті.
Дәстүрлі додаға 7 аудан мен Талдықорған және Текелі қалаларынан үздік деп танылған 18 бозкілем шебері қатысып, өз өңірлерінің намысын қорғады. Барлық балуандар жергілікті кезеңдердегі іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, облыстық деңгейде бақ сынауға мүмкіндік алды.
Турнирдің алғашқы белдесулерінен-ақ балуандардың дайындығы мен шеберлігі байқалды. Әр кездесуде нағыз ерлік пен табандылық танытқан спортшылар көрермендерге тартысты сәттер сыйлады.
Дүбірлі доданың қорытындысы бойыншк Бекарыс Сәдуақас «Жетісу Барысы – 2025» атанды. Жеңімпазға белбеу, диплом және 1.500.000 теңге қаржылай сыйақы табысталды. Нияз Ерсайын жүлделі ІІ орынды еншілеп, 1.000.000 теңгені қанжығасына байлады. ІІІ орынға Қабдолдаев Ернар табан тіреп, 500.000 теңгемен марапатталды.





