Астана қаласында VI Халықаралық гастрономиялық «ASTAUfest 2025» фестивалі өтті. «Көшпенділер елі» тақырыбымен ұйымдастырылып, Ұлы даланың көшпелі өркениетінің тағам мұрасын дәріптеуге бағытталды.
Іс-шара ұлттық тағам мәдениетін насихаттап қана қоймай, түрлі елдер арасындағы мәдени-аспаздық байланысты нығайтуға арналған маңызды платформаға айналды.
Фестивальдің ерекшелігі – ұлттық бірегейлік пен кәсіби шеберлікті ұштастыру
2025 жыл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, «ASTAUfest 2025» фестивалі тек аспаздық жарыс қана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті сақтап, дәстүрлі тағам мәдениетін дамытуға бағытталған кәсіптік шеберліктің алаңы ретінде өтті.
Фестивальға Қазақстанның түрлі өңірлерінен, Ресейдің бірқатар қалаларынан және басқа шетелдерден ұлттық, өңірлік, қалалық, корпоративтік командалар, сондай-ақ кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері, оқытушылар, өндірістік оқыту шеберлері, тәлімгерлер мен мектеп оқушылары қатысты.
Талдықорған сервис және технология колледжі – үздіктер қатарында
Жетісу облысы білім басқармасы мен Талдықорған сервис және технология колледжінің атынан фестивальға өндірістік оқыту шеберлері қатысты. Олардың қатарында колледждің тәжірибелі маманы Алуа Қуанышева ерекше көзге түсті.
Ол «2025 жылдың бас аспазы» номинациясында бақ сынап, кәсіби сараптама комиссиясының жоғары бағасына ие болды. Комиссия төрағасы – бельгиялық және француз тағамдарының шебері, Огюст Мишлен Кавалері, атақты бас аспаз Жан Ашнер Алуа Бейбітқызына жүлделі 1-орынды өз қолымен табыстады.
Халықаралық тәжірибе мен шеберлік алмасу алаңы
Фестиваль аясында қатысушылар өз авторлық тағамдарын ұсынып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі танымал аспаздармен тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарына қатысты. Бұл – жас мамандар мен ұстаздар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан айтулы шара болды.
«ASTAUfest 2025» фестивалі – тек тағам байқауы ғана емес, сонымен қатар ұлт мәдениетін сақтау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы маңызды іс-шара.





