Жетісу облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Санжар Қабдыбекұлы Қабдыбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы басқарманың бюджеті 116,3 млрд. теңгені құрап, есепті кезеңде 58 млрд. теңге игерілді. Бұл жалпы жоспардың 97,6 пайызына тең.
Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ Ұлттық қор мен ішкі қарыздар есебінен бағытталды.
Биыл облыс аумағында 323 нысанның құрылысы және 41 жобаның жобалау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, мәдениет, спорт және инженерлік инфрақұрылым нысандары бар.
8 қазанға дейін 51 нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Панфилов, Кербұлақ, Қаратал және Алакөл аудандарында жаңа мектептер мен колледждер салынды, 40 медициналық пункт пен дәрігерлік амбулатория іске қосылды, Сарқанда 60 пәтерлі екі тұрғын үй мен Талдықорған қаласындағы инженерлік желілер пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін тағы 220 нысанның құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 білім беру, 3 спорт, 61 денсаулық сақтау, 4 мәдениет, 131 тұрғын үй және 16 инженерлік инфрақұрылым нысаны бар.
Санжар Қабдыбекұлының айтуынша, құрылыс басқармасы алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, энергия тиімді және экологиялық таза технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.





