Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбедегі “Орталық Азия – Ресей” саммитінде Ресей мен Орталық Азия елдері сан қырлы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға баса назар аударуы қажет екенін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы ынтымақтастықта ортақ құндылығымыз саналатын орыс тілінің орны ерекше.
“Бірлескен күш-жігердің арқасында Халықаралық орыс тілі ұйымын құрғанымыз қуантады. Оның штаб-пәтері Сочи қаласында орналасқан. Ел алдында сөйлеген сөздерімде қазақ жастарының орыс тілін жетік меңгергені маңызды екенін айтып жүрмін”, – деді Тоқаев.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы орыс тілін дамыту саясаты қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарға еш кедергі келтірмейтінін атап өтті.
“Құдай берген ана тілдеріміз конституциялық тәртіппен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Сондықтан қазақ тіліне бұрынғыдай көңіл бөліне береді. Жастарымыз биліктің қолдауымен екі, тіпті үш-төрт тілді оңай меңгере алатынына сенімдімін. Мұндай мысалдар әлемде аз емес. Анығын айтқанда, Қазақстандағы жағдай осындай. Еліміздің әр азаматы өзіне ыңғайлы тілде сөйлеуге құқылы. Бұл – ‘Бірлігіміз – әралуандықта’ деп аталатын ұлттық саясатымыздың өзегі”, – деді мемлекет басшысы.





