I Халықаралық TurkicSkills-2025 кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарыстың басты жеңімпазы атанып, түркі елдері арасында техникалық және кәсіптік маман даярлауда көшбасшы екенін дәлелдеді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміздің қоржынына 6 алтын, 2 күміс медаль және 1 «Үздік медальон» түсті. Бұл жеңіс Мемлекет басшысының тапсырмасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін көрсетеді.
4–9 қазан аралығында өткен чемпионатқа Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 70-ке жуық колледж студенті мен жас маман қатысты. Қатысушылар инженерия, ақпараттық технологиялар, өндіріс, робототехника және қызмет көрсету салаларын қамтитын 10 құзыреттілік бойынша бақ сынады.
Жарыстың жабылу салтанатында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов чемпионаттың түркі мемлекеттері арасындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын нығайтқан маңызды шара екенін атап өтті.
«TurkicSkills чемпионаты – түркітілдес елдер арасындағы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жаңа серіктестіктің бастауы. Бұл күндер достық пен өзара түсіністіктің, ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың жарқын үлгісі болды», – деді вице-министр.
Ал WorldSkills International кеңесінің мүшесі Рэй Инглиш Қазақстанның халықаралық деңгейдегі әлеуетін ерекше атап өтті.
«Чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейі – Қазақстанның әлемдік дәрежедегі кәсіби шеберлік сайыстарын өткізуге толық дайын екенін көрсетті. Бұл тәжірибе алдағы уақытта WorldSkills немесе WorldSkills Europe сияқты ірі жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
TurkicSkills-2025 чемпионатын тамашалауға 5 мыңнан астам адам келді. Іс-шара аясында колледждер мен кәсіпорындар арасында 100-ге жуық ынтымақтастық меморандумы жасалды.





