Арман Жансеңгіров өз сөзінде әрбір азаматтың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекке құқығы бар екенін атап өтті. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде дәрігер мен емхананы таңдау, өз денсаулығы жайлы толық әрі шынайы ақпарат алу және медициналық араласуға ерікті түрде келісім беру сияқты негізгі құқықтар нақты көрсетілген. Сонымен қатар, барлық медициналық ұйымда пациенттерді қолдау қызметтері жұмыс істейтінін, азаматтар өз өтінішін немесе шағымын сол жерде шеше алатынын да таразылап берді.
Ал №2 қалалық емхананың директоры Гүлнафис Жүсіпалиева медициналық көмектің нақты мүмкіндіктеріне тоқталды. – Әрбір қазақстандық тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін ала алады. Әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулары бар науқастар дәрі-дәрмекпен тегін қамтылады. Скринингтік тексерулер, жоспарлы екпелер, мобильді бригадалардың көмегі, күндізгі стационар мен оңалту қызметтері баршаға қолжетімді, – деді ол.
Биыл №2 қалалық емханада 25 мыңнан астам тұрғын профилактикалық тексеруден өтіп, 21 мыңнан аса азамат скринингке шақырылды. 5 мыңнан астам балаға жоспарлы екпе егілді. 2 169 адам күндізгі стационарда емделіп, 1 456 тұрғынға мобильді бригадалар қызмет көрсетті.
Емханада жаңа бастамалар қолға алынған. Оның бірі – дамыту орталығы, ол дамуында ерекшелігі бар балаларға көмек көрсетіп, ата-аналарды қолдауға бағытталған. Екіншісі – JasLife жастар денсаулығы орталығы, онда жастар репродуктивті денсаулық, психологиялық қолдау, зиянды әдеттердің алдын алу, дұрыс тамақтану мен спорт тақырыптарында кеңес ала алады.
Баспасөз мәслихатында айтылғандай, әрбір азамат өзінің медициналық құқықтарын білумен қатар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. «Халықтың денсаулығын қорғау – ортақ мақсатымыз», – деп түйіндеді спикерлер.
Гүлжан ТҰРСЫН





