Еске сала кетсек, БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасына сай, Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 15 маусымдағы №1224 Жарлығымен қазан айының екінші жексенбісі «Мүгедектер күні» болып жарияланған еді. Содан бері елімізде бұл күн жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтіліп келеді.
Өтенай ауылдық Мәдениет үйінде өткен өнер кешіне арнайы қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аймақтағы ерекше күтімді қажет ететін жандарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгін мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдағы орнын айқындайтын, олардың өмірге құштарлығын, өнерге деген ықыласын көрсететін ерекше күн. Осы маңызды күн аясында ұйымдастырылып отырған ерекше қажеттіліктері бар жандардың қолөнер туындыларынан жасалған көрмені тамашалаудамыз. Бұл көрме – тек шығармашылық туындылардың жиынтығы ғана емес, бұл – қажырлы еңбектің, төзім мен таланттың көрінісі. Бүгінгі шара – бірлік пен жанашырлықтың, тең мүмкіндіктер қоғамын құру жолындағы нақты қадамның көрінісі. Алдағы уақытта да сіздердің игі бастамаларыңызды қолдап, шығармашылықты дамытуға жағдай жасауға дайынбыз, – деді шаһар басшысы.
Мерекелік шарада аймақтағы ерекше күтімді қажет ететін жандарды қолдау мен әлеуметтік бастамаларды дамытуға үлкен үлес қосып жүрген әр саладағы бірқатар азаматтар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Айдын КӘЛІМХАН






