Жақында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесі және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығымен бірлесіп Қостанай облысынан келген «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушысы Ирина Токарева осы кәсіпке оқытуды ұйымдастырды. Ол Ақтау қаласында өткен «Cheese open – 2024» халықаралық байқауында өз өнімдерін ұсынып, Еуропадан келген сарапшылардың қызығушылығын тудырды. Нәтижесінде кәсіпкердің өнімдеріне жоғары баға беріліп, шетелдіктер ризашылық танытты.
Қостанайлық бизнес-ханымның шеберлік сыныбы ірімшік жасау өнері бойынша оқытудың үшінші кезеңі болды. Бұл бағыт облыстың көптеген тұрғынын өз өндірісін дамытуға шабыт сыйлап, қанат бітірді. Оған аймақтағы кәсіпкерлер мен өз ісін ашуды көздеп жүрген қыз-келіншектер де қатысты. Коуч тыңдаушыларды үйде ірімшік жасау негіздерімен таныстырып, сүтті қалай дұрыс таңдау керегін әңгімелеп берді. Сонымен бірге, ірімшіктің танымал сорттарын дайындау технологияларын да үйретті. Өндірісті бастау негізінде берілген кеңестер де қатысушылардың қызығушылығын арттырып, кәсіппен айналысуға ынтықтарды.
Іс-шара тек оқу алаңында ғана емес, сондай-ақ, жергілікті брендтерді дамытып, өнім жасағысы келетін кәсіпкерлер үшін де шабыт көзі болды. Жетісу облысының іскер әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары Светлана Оңғарбаева қазан айынан қараша айының соңына дейін облыс тұрғындары үшін 11 бейіндік оқыту өтетінін, атап айтқанда, жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргізу, балық пен шұжық өндірісін жандандыру, сабын жасау, аспаздық өнерді өрістету сияқты басқа да істердің бар екенін айтты.
– Мұндай шеберлік сабақтарын өткізу шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызды құралы болмақ. Оқыту іс-шаралары, сондай-ақ, кәсіпкерлерге тәжірибелік білім алуға, тәжірибе алмасуға және жаңа бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді. Біз өз өндірісімізді құруға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Ендігі міндет – бұл бастамаларды қолдау, аймақтағы жергілікті брендтерді құрып,нығайтуға көмектесу, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар оқыту іс-шаралары аясында ірімшік жасау бойынша екі шеберлік сыныбы өтті. Онда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері Жанар Тұрғанбаева мен Татьяна Юрчук өз білім, тәжірибелерімен бөлісті.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





