«Қазгидромет» РМК 24 қазандағы ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің көп бөлігінде солтүстік антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Тек батыс, солтүстік-батыс, солтүстік, орталық өңірлер мен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында фронтальды бөліктердің өтуінен жаңбыр жауады.
Түнгі және таңертеңгі уақытта еліміздің барлық аймағында тұман түседі. Солтүстік пен оңтүстік-шығыста жел күшейеді.
Жетісу облысының солтүстігі мен орталығында түнде 1–3 градус үсік жүреді.
Маңғыстау, Ұлытау, Атырау облысының солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі бар. Сондай-ақ Ақтөбе облысының оңтүстігі мен шығысында, Жамбыл облысының орталығында және Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында да өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының батысында, Қостанай мен Ақмола облыстарының оңтүстік-батысында, Абай облысының оңтүстігінде де осындай жағдай байқалады.
Төтенше өрт қаупі Қызылорда мен Түркістан облыстарында, Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында, Жамбыл облысының батысы мен солтүстігінде сақталады. Сонымен қатар Ақтөбе облысының батысы, солтүстік-шығысы мен орталығында, Алматы облысының солтүстігінде және Қостанай мен Ұлытау облыстарының оңтүстігінде де төтенше өрт қаупі бар.





