Жетісу өңірі – көне мәдениеттің ордасы. Бұл аймақтың бай тарихи мұрасы археологиялық қазба жұмыстарымен расталады.
Нақты айтсақ, 2023–2024 жылдары тарих ғылымдарының докторы Д.С. Байғұнақов жетекшілігімен Жетісу жеріндегі Қаратал ауданы аумағындағы Дауылбай қорымына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аталған қорымнан сырға, моншақ сияқты алтын бұйымдар, қоладан жасалған шаш түйрегіштер, сүйек түймелер, тоға және қыш құмыралар табылды. Қазіргі таңда бұл жәдігерлер Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.
Ал, биылғы жылдың 7–11 қазан аралығында «Ғылыми-эксперименттік тәжірибелік археология» ЖШС мамандары аталған жәдігерлерге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыс барысында металл бұйымдардағы коррозиялық қабаттар мен тотығу іздері мұқият тазартылып, керамикалық және сүйек бұйымдардың сынықтары қайта қалпына келтірілді.
Бұл жәдігерлер – ежелгі дәуірдің өмір салты, наным-сенімі, өнері мен мәдениетінен сыр шертетін аса құнды мұра. Олар тек өткеннің бір бөлшегі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа аманат етілген рухани шежіре болып табылады. Алдағы уақытта бұл құнды артефактілер музей экспозициясында лайықты орын алып, көрермен назарына ұсынылады.
Қалқаман Абдрахманұлы
Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің редакторы






