Сомнолог Валерия Бонадыкова тез ұйықтап кету үшін кешкі асқа қандай өнімдер қосу керегін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, ұйқы гормоны мелатониннің түзілуіне қатысатын аминқышқыл триптофанға бай тағамдарды тұтыну маңызды. Оларға күркетауық еті, балық, жұмыртқа, сүт, сұлы жармасы мен тұтас дәнді нан жатады.
«Күрделі көмірсулар триптофанның жақсы сіңуіне көмектеседі», – дейді ол.
Кешке аздаған жасыл жапырақты көкөністер немесе жаңғақтар жеу де пайдалы. Олардың құрамындағы магний мазасыздықты азайтып, бұлшықет кернеуін төмендетеді. Ал ұйқыны жақсартуға арналған сусын ретінде түймедақ, мелисса немесе лаванда шайларын ішу ұсынылады.
«Майы аз жылы сүт те серотонин мен мелатониннің түзілуін ынталандырып, тезірек ұйықтауға көмектеседі», – деп қосты Бонадыкова.
Сонымен қатар ол кофе, алкоголь, газдалған сусындар, қою шай мен энергетиктерден бас тартуға кеңес берді. Өйткені мұндай өнімдер жүйке жүйесін қоздырып, ұйқы фазаларының бұзылуына әкеледі.





