Шаруалар үшін жылдың төрт мезгілі де қарбалас. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар жыл он екі ай тыным таппайды. Биылғы мал қыстату науқанына жеке шаруашылықтар тыңғылықты дайындалып, төрт түліктің азығын қамдап, мал қоралары мен малшылар үйлерін жөндеп, ретке келтірген.
Сарқан аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, 2025-2026 жылғы мал қыстату науқанына өңір бойынша барлық санаттағы шаруашылықтарда 19982 бас ірі қара, 45228 бас ұсақ мал, 11242 бас жылқы және 549 бас түйе түсіпті.
Дайындық барысында 188007 тонна шөп дайындалып, жоспар 144 пайызға орындалған. Оның ішінде 41500 тонна сабан, 11400 тонна пішендеме және 16000 тонна сүрлем бар. Кейбір мал азығы түрлерінен жоспардың 100 пайыздан асыра орындалуы – дала еңбеккерлерінің алдағы қысты алаңсыз өткеретініне сенім ұялатады.
Қолдағы малдар 144 қыстаққа орналастырылған. Шөптің негізгі бөлігі қыстауларға уақытылы жеткізілуде. Мал қыстату жұмыстарын үйлестіру мақсатында аудан әкімінің 16 қыркүйектегі №68-ө өкімімен жұмысшы тобы құрылған. Оған ауыл шаруашылығына жауапты орынбасар басшылық етіп, құрамына тиісті сала мамандары енген.
Алмалы ауылындағы іргелі шаруашылықтың бірі «Ерғалиев» қожалығы. Оның басшысы Қайрат Серікқанұлы:
– Ырыс-несібе – малда. Сондықтан малды күтіп, қыстан қысылмай шығуға барынша қам жасап отырмыз, – дейді.
Қожалықтың «Тал-тал» бөлімшесінде негізінен ірі қара өсіріледі. Қыстамақ малға жетерлік 3 мың тонна орама шөп және 30 тонна жем дайындалған.
Мал қыстату – ауыл шаруашылығындағы ең маңызды науқанның бірі. Ол көктемгі мал басының өсіміне және өнімділікке тікелей әсер етеді. Сол себепті өңір шаруалары бұл кезеңге барынша жауапкершілікпен қарап, дайындықты күшейтіп отыр.
Жақсылық ИГІМАН





