Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі — автожол саласы қызметкерлерінің күні. Осыған орай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл арнайы басқосу ұйымдастырып, Жетісу облысының орталығындағы жол мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
Қаладағы салтанат сарайында жиналған қауым алдында сөз алған шаһар басшысы қазіргі қала жолдарының сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жобаларға да кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ол биыл Талдықорған қаласында 70 шақырымнан астам жолды ретке келтіру қолға алынып, қазіргі уақытта оның басым бөлігі сапалы әрі толық аяқталғанын атап өтті.
– Талдықорған қаласы маңызды транзиттік әлеуетке ие. Бүгінде қала жолдарының жалпы ұзындығы 661,3 шақырымды құрайды. Автожол саласы мамандарының табанды еңбегінің және облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуының арқасында жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 91 пайызға дейін артты. Алдағы уақытта халықты сапалы жолмен қамтамасыз ету бағытында мұндай жұмыстарды одан әрі жандандыратын боламыз, – деді қала әкімі.
Жиын барысында Ернат Дүйсенбекұлы өз ісін адал атқарып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып жүрген бірқатар үздіктерге арнайы алғыс білдірді. Олар арнайы құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жол сапасын жақсарту мақсатында биыл шаһарда 70 шақырымнан астам жолды жөндеу қолға алынған. Атап айтқанда, аймақтағы жаңадан бой түзеп келе жатқан «Құлагер», «Бірлік», «Жастар-1» шағын аудандары мен «Солтүстік-Батыс» тұрғын үй алабындағы 107 жаңа көшенің 54 шақырымға жуық жолына құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, 21 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өткізіліп, орташа жөндеу бойынша 27,9 шақырым болатын 28 көшенің жол жамылғысын ауыстыру ісі қолға алынған. Сондай-ақ 17 шақырымнан астам жолға ағымдағы жөндеу өткізу көзделген. Ал 2026 жылы қала орталығындағы жалпы ұзындығы 27 шақырым болатын көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Айдын КӘЛІМХАН





