Жиын барысында Сарқан аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күлшарбан Қалиева ауызсу бойынша көптің көкейінде жүрген сауалды ортаға салды. Әсет Серікқалиұлы мұндай күрделі жобалардың жүзеге асуына ықпал тигізуге қадам жасалатындығын айтты.
Келесі сұрақты ғылым және білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігі Сарқан аудандық филиалының төрағасы Ермек Алинов көтерді. «Сарқанирригация» 2025 жылы 54 шаруа қожалығымен 9737 гектар суғармалы жерге су жеткізуге субсидиялық келісім-шартқа отырған. Субсидия көлемі 15 млн. теңгені құрап, бюджет қаражатының тапшылығына байланысты, қажетті қаржы әлі күнге бөлінбегенін айтты. Ал «Жетісу облысы бойынша жергілікті агроөнеркәсіптік кешені және ММ қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Сарқан филиалының төрағасы Нұрахмет Маткаримов агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне субсидия беру бойынша мәселе көтерді. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие беру, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдықтарын лизингке алу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау «ГосАгро» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Агроөнеркесіптік кешен саласындағы субсидия түрлерін қарау және төлемдерді жүзеге асыру облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының құзыретіне кіреді. Алайда республикалық бюджет қаражатының жеткіліксіздігіне байланысты 2023-2025 жылдар аралығында Сарқан ауданы бойынша шамамен 109 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 524 млн. 134 мың теңге көлеміндегі субсидиялар уақытылы төленбей отыр.
Жеке кәсіпкер, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Кенжетай Тазабекованың «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қойған сауалы да өзекті болды. Сарқан ауданында 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 124,7 млн. теңгеге 15 өтінім мақұлданған. Алайда қазіргі таңда республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеуіне байланысты 15 өтінімнің 5 өтініміне ғана қаржы төленіп, қалған 10 өтінімге қаражат берілмей тұр.
Көшпелі отырыста көтерілген мәселелерге нақты жауап беріліп, ұсыныстар жауапты мекемелерге жеткізіліп, жұмыстың толық орындалуы жіті қадағаланатын болады.
Жақсылық ИГІМАН





