Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі — әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Осыған орай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл арнайы басқосу ұйымдастырып, бірқатар үздіктерді марапаттады.
Шаһардағы Салтанат сарайында өткен шарада сөз алған Ернат Дүйсенбекұлы облыс орталығындағы жалпы әлеуметтік қорғау саласының мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Әлеуметтік саладағы қызметкерлер – қоғамдағы ең құрметті мамандық иелерінің бірі. Сіздер күн сайын адамдардың өміріне жылулық пен қамқорлық сыйлап, олардың қиындықтарын жеңуге көмектесіп келесіздер. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңіз ерекше бағалауға лайық. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен мейірімді жүректеріңіздің арқасында көптеген отбасылар үміт пен сенімге ие болып отыр, – деді қала әкімі.
Мерекелік басқосу аясында ел игілігі жолында мінсіз қызмет етіп, өңірдің дамуына өз үлес қосып жүрген бірқатар үздіктерге арнайы сый-құрмет көрсетілді. Мұнда бірнеше сала ардагерлеріне Жетісу облысы және қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталса, жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бес маман «Еңбек адамы» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Жетісу облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың 500-ден астамы — әлеуметтік сала қызметкерлері. Ал Талдықорған қаласында қазір шамамен 100-ге жуық әлеуметтік қызметкер бар. Олар азаматтарға әлеуметтік қолдаудың сегіз бағыты бойынша көмек көрсетеді.
Айдын КӘЛІМХАН






