Елімізде балалар халықтың үштен бірін – 34%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, мемлекет саясатының балаларды қорғауға тұрақты бағытталғанын айқын байқауға болады. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен бірқатар халықаралық ұйымдар да Қазақстанның балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша қол жеткізген нәтижелерін атап өтуде.
Қазақстан туу туралы актілерді тіркеу көрсеткіші ең жоғары елдердің бірі саналады. Бүгінде бұл көрсеткіш 100%-ға жуықтап, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Балаларға ұзақмерзімді қаржылық қолдау көрсету — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстан табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігін тікелей балалар игілігіне бағыттайтын аз елдің бірі. 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қордың инвестициялық табысының 50%-ы кәмелетке толмаған азаматтардың жеке жинақ шоттарына аударылып келеді. 2025 жылы әр балаға шамамен 130 АҚШ доллары бөлініп, бұл қолдау 324 мыңнан астам баланы қамтыды. Екі жыл ішінде бір балаға шаққандағы орташа жинақ 233 долларды құрады.
Балаларды сапалы және құнарлы тамақпен қамту да басты назарда. 2023 жылдан бері еліміздегі барлық бастауыш сынып оқушылары толықтай тегін ыстық тамақ алады. Бұл – 1,7 миллионнан астам бала. Сондай-ақ балабақшадағы 953 мың тәрбиеленуші де тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 207,4 миллиард теңге бөлінді.
ЮНИСЕФ-тің 2024 жылғы MICS зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың тамақтану көрсеткіштері Еуропа және Орталық Азия елдерінің деңгейіне сай келеді. Сарапшылар көрсеткіштердің бірқалыпты екенін, айтарлықтай ауытқулардың байқалмайтынын атап өтті. Бұл – мектепке дейінгі және мектептегі тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Балалардың қауіпсіздігін күшейту үшін заңнамалық база да жетілдірілді. Кәмелетке толмағандарға қатысты ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтіліп, мұндай істер бойынша татуласуға заңмен тыйым салынды. Ең ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Бала – мемлекеттің айнасы. Оның қауіпсіздігіне қатысты мәселеде ешқандай ымыраға жол берілмейді. Қазақстан бұл бағытта нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Заң баланы толық қорғауы тиіс. Біз бұл қорғаудың шынайы әрі тиімді болуы үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Әрбір бала мемлекеттен тең мүмкіндік пен сенімді қолдау алуы керек», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Бала құқықтарын қорғау жүйесі институционалдық деңгейде де нығаюда. Заң жүзінде әр 5 мың балаға бір қамқоршылық және қорғаншылық органы маманы бекітіліп, кадр саны 303-тен 1028-ге дейін артты. Осылайша Қазақстан ТМД кеңістігінде бала құқықтарын қорғау саласында бірыңғай кадрлық стандарт енгізген алғашқы елдердің бірі болды.
2026 жылдан бастап балаларды қолдау мен дамытуға бағытталған шаралардың барлығын біріктіретін «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы іске қосылады. Бұл құжат баланың өмірлік жолының барлық кезеңін қамтитын кешенді ұлттық стратегияға айналмақ.
Дереккөз: Aikyn.kz





