«Қарттардың да өлеңге бар таласы» дегендей, талдықорғандық Нұртай Шынғожанова қолы қалт еткенде қалам алып, жыр жазумен айналысады. Өскен өңірін гүлбаққа айналдыруды мұрат тұтқан жанның бір топ өлеңін оқырманға ұсынып отырмыз.
Тәуелсіз елде тұрамын
Жерім бар табиғаты жайнап тұрған,
Құстары ертелі-кеш сайрап тұрған.
Ұлдарым ер, еліміз азат, мықты,
Туған жерін бақытты аймақ қылған.
Өседі балдырғаны жасымастан,
Таңы атады арайлап, ашық аспан.
Тауымның етегінде мыңғырған мал,
Үйір-үйір жылқы, қой болған дастан!
Туған ауыл жанға жай, момын елі,
Ұрпағымның текті екен шыққан жері.
Қол ұшын соза білер қиналғанға,
Тарланы тәуелсіздік асқар белі.
Аспанмен таласады үйлері де,
Шалқып-тасып төгілер күйлері де.
Білім беріп, ұрпағын бағыттады
Бақытқа бастар өмір сүрлеуіне.
Жастарым, көп талапты дара туған,
Құрыштан, қорғасыннан жаратылған.
Қиын-қыстау іс түссе ел басына
Жұдырық боп жұмылып қарсы тұрған.
Еліміз бір – ол біздің Қазақстан
Жерімде тәуелсіздік атып таңы,
Желбіреді елімнің Көк байрағы.
Аз жылда асуларды бағындырып,
Орындалды елімнің ізгі арманы.
Жерім бай, жеміс-жидек тұнып тұрған,
Досым көп әрбір ұлттан – ұлық тұлғам.
Қара, қоңыр, сары, ақ болсақ тағы
Еліміз бір – ол біздің Қазақстан!
Жерім байтақ, ел тыныш, ашық аспан,
Жан-жағыма нұр төккен, болған дастан,
Мақтанамын еліммен егеменді,
Ерлерімді пір тұтам үлес қосқан!
Мың алғыс көш бастаған ағаларға,
Ақылмен ой өрбіткен даналарға.
Ұмытылмас соңына із қалдырды
Елімнің болашағы – балаларға.
Жайнай бер, көгере бер, елім менің,
Желбіресін биікте Туың сенің.
Бітік шығып астығың, мал мыңғырып,
Бақытты ғұмыр кешсін қалың елің!
Асқар тауым, ардақтым
(Соғыс ардагері әкем Шынғожанов Уәлиге)
Асыл әкем, асқар тауым, ардақтым,
Ақыл қосып, тірек болған жан-жақтым.
Құтты болсын ең мерейлі мерекең,
Бір аунап жат мекеніңде, салмақтым.
Өмір жолы кейде түзу, бұралаң,
Көңілім пәс, әлі небір тұр алаң.
Ұлдарыңыз есіміңді өшірмей,
Жалғап жүр ғой, соған қатты қуанам.
Суретіңмен үнсіз ғана тілдесем,
Ойға батам, сен тірідей үндесем.
«Қызым» деген құлағыма келіп үн,
Өзіңізді сағынумен күн кешем.
Жылда барам бейітіңнің басына,
Мінәжат қып, Құран оқып қасына.
Өткен күнді есіме алып, жан әке,
Мұңдарымды шертемін әр тасыңа.
Ақтадым ба сеніміңді, үмітті,
Осы бір жайт жанды бордай үгітті.
Асқар тауым едің, берік қорғаным,
Өзіңдей боп жанымды, әке, кім ұқты?
Асыл әкем, пана болған тірегім,
Туу барда өлу де хақ, білемін.
Жайлы жатқын, топырағың жеңіл боп,
Ұрпағыңа тек амандық тіледім.
Сексен жылдық мерекенің кезіне,
Жыр арнадым жан жүрегім езіле.
«Мал қалғанша тал қалсын»
деп айтушы ең,
80 ағаш отырғыздым өзіңе.
Еске алатын шәкірттер бар соңыңда
(Мағжан Жұмабаев атындағы мектепте ұзақ жыл еңбек еткен марқұм ұстаздарға)
Ұстаз едің еңбекпенен өрілген,
Асыл едің игі ісімен көрінген.
Бар өмірді шәкірттерге арнап ең,
«Табылсын, – деп болашақтың
төрінен».
Биік белес, асқар шыңның иесі,
Білім менен тәрбиенің жүйесі.
Тарыдайды таудай етіп шығарған,
Әр адамға тиген оның киесі.
Жарқын ойдан жақсылықты қуар кім?
Әр шәкіртті ізгілікпен суардың.
Солар үшін еңбек еттің жалықпай,
Сол себепті тек биікте тұра алдың.
Арманыңа жетіп едің аңсаған,
Көрген жоқпыз күндеріңді шаршаған.
Кете бардың жұлдыз болып жарқырап,
Ниет етіп дұға қылар барша жан.
Ортамызда сендер бүгін жоқ, мейлі,
Бейнелерің жадымыздан кетпейді.
Еске алатын шәкірттер бар артыңда,
Сол себепті естеліктер өшпейді!
Көңілде күнде біргесің
Бақыл бол, қасиетті Болат аға,
Ақиық, аққөңіл жан болған дара.
Зәрулік көрген жанға көмектесіп,
Жесір мен жетімдерге болған пана.
Өтіп еді еңбекпен әрбір күнің,
Қажымай көтеруші ең елдің жүгін.
Қызығын балалардың көрер шақта,
Кете бардың. Еске алдық сені бүгін.
Көп жыл болды біздерден кеткеніңе,
Жалғаннан күдер үзіп өткеніңе.
«Қорғай гөр жалғызымды» деп тілеген
Ананың сөзі Аллаға жетпеді ме?
Өмірде қандай қысқа ғұмыр деген,
Байқасаң бас-аяғы білінбеген.
Қызығын ұл-қызыңның көре алмадың,
Төріңде тек сурет тұр күлімдеген.
Бақыл бол, ардақты аға, асыл аға,
Қорғаны едің туыстың, жетпес баға.
Бүгінде жүрек жылап, жоқтап отыр
Ағайын, жора-жолдас, бала-шаға.
Мәуелеп өскен сенің ұл мен қызың,
Өшкен жоқ, әлі жарық шоқ жұлдызың.
Жалғайтын өміріңді бес қарғаңның
Ұзақ боп таусылмасын дәм мен тұзы.
Тірі болып жүрген соң,
Қайғыға көнбеу бізге сын.
Өмірден кетіп қалсаң да,
Көңілде күнде біргесің!
Халқыма тілек-бата
А, құдайым, оңдасын,
Қыдыр бабам қолдасын!
Жақсыларым, ортаңда
Еш жамандық болмасын!
Айың тусын оңыңнан,
Жұлдызың ерсін жолыңнан.
Ұрпақтарың аман боп,
Ере берсін соңыңнан.
Тасың өрге домалап,
Шың басынан қөрінсін.
Хантәңірдей биік боп,
Қүн қасыңнан қөрінсін.
Ел іргесі аман боп,
Тыныштық берсін халқыма.
Нығайып бірлік үнемі,
Түспесін сызат даңқына.
Егеменді елімнің,
Желбірей берсін байрағы.
Төрт түлік мал көбейіп,
Секіріп жүрсін тайлағы.
Достарыңыз көп болсын,
Бірге жүрсін қасыңда.
Егер дұшпан кездессе
Түссін табан астына.
Бақыт қонса басыңа,
Ұстай біл оны, тасыма.
Кездесіп жатсаң қиынға
Шыдамды бол, жасыма.
Әділетті адамның
Адал болар асы да.
Ақылды, ерен адамның
Болмайды екен қасы да.
Ел үшін еңбек еткеннің,
Домалар биік тасы да.
Осы батам қабыл боп,
Нұр төксін кәрі-жасыңа!
Талдықорған қаласы