Талдықорғанда полицейлер тұрғынның 13 миллион теңгесін қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласының тұрғыны әлеуметтік желіден Қазақстандағы танымал компаниялардың біріне инвестиция жасау туралы жарнама көріп, сілтеме арқылы сайтқа тіркелді. Кейіннен компанияның «менеджерлері» ретінде таныстырған алаяқтар жоғары табыс уәде етіп, жәбірленушіні 13 миллион теңге көлемінде инвестиция жасауға көндірді. Алайда пайда түспеді.
Бірнеше уақыт өткен соң ғана ер адам мұқият ойластырылған алаяқтық схеманың құрбаны болғанын түсінді. Жәбірленуші дереу Талдықорған қаласының полициясына жүгінді. Киберқылмыстарды тергеу бөлімінің қызметкерлері, жас тергеуші Азамат Жанатұлының басшылығымен, дропперлерді анықтап, ұрланған қаражатты толық көлемде иесіне қайтарды.
Полиция азаматтарды күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге, қырағы болуға және алдаудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.





