Жетісуда спорт саласын дамытуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Алакөл ауданының Лепсі ауылында жас спортшылардың кәсіби өсуіне жол ашатын көпфункционалды спорт кешені мен 244 орынды жатақхана салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов, Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов, белгілі спорт ардагерлері, Олимпиада чемпиондары мен өңірдің құрметті азаматтары қатысты.
Жобаның жалпы құны 3,8 млрд. теңгені құрайды. Ғимараттардың жалпы құрылыс аумағы 5772,1 шаршы метр, спорт кешенінің жобалық қуаттылығы 160 орын, ал жатақхана 244 орынға арналған. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы, негізгі мердігер «Дәулет-Серпин 603» ЖШС, техникалық қадағалауды «Дан строй проект» ЖШС жүргізген.
Кешен құрамына күрес, бокс, волейбол және баскетбол залдары, тренажер залы, медициналық және қалпына келтіру бөлмелері, сондай-ақ ашық футбол алаңы енген. Ал бес қабатты жатақхана спортшылардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне толықтай бейімделген.
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жаңа спорт кешенінің өңір үшін маңызын атап өтті.
– Бұл нысан ауыл спортын дамытуға тың серпін беріп, жасөспірімдердің жүйелі түрде жаттығып, үлкен спортқа қадам басуына мүмкіндік жасайды. Мемлекет тарапынан спорт инфрақұрылымын дамыту алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді ол.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов өз сөзінде жастар спортына салынған инвестиция – елдің болашағына салынған инвестиция екенін атап өтті.
Сондай-ақ Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко жас спортшыларға сәттілік тілеп, табандылық пен еңбек қана үлкен жеңіске жеткізетінін жеткізді.
Іс-шара барысында 21–26 маусым аралығында Вьетнамның Вунгтау қаласында өткен U17 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 60 келі салмақта алтын медаль жеңіп алған Лепсі мектебінің оқушысы Ақан Дамир ерекше құрметке ие болды. Чемпион спортшыға 500000 теңге, сондай-ақ, оның жаттықтырушысы Отарқұл Нұрдаулетке де 500000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Марапатты Қазақстандағы бокс және күрес федерацияларының вице-президенті, меценат Бауыржан Оспанов табыстады.
Салтанатты рәсім барысында Алматы және Жетісу облыстарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Болатбек Қапсаламов жаңа спорт кешенінің болашағына ақ батасын берді. Одан кейін құрметті қонақтардың қатысуымен лента қию рәсімі өтіп, қонақтар ғимаратты аралап көрді.
Лепсі ауылында ашылған бұл жаңа спорт кешені – өңірдегі спорттық резервті қалыптастыруға, ауыл жастарының әлеуетін арттыруға және болашақта ұлттық әрі халықаралық аренада ел намысын қорғайтын чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам.
Қажет АНДАС
Лепсі ауылы,
Алакөл ауданы





