Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясында 4 «А» сынып жетекшісі Ләззат Салтакова мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлдина Базарбаеваның ұйымдастыруымен ақын, журналист, публицист, Қазақстанның Құрметті жазушысы Әміре Әрінұлының шығармашылығына арналған «Тәуба, Тәңір, жыр-жалын ғұмыр бердің…» атты тағылымдық әдеби-сазды кеш өтті. Руханиятқа құрмет көрсетуді мақсат еткен әсерлі шараға ұстаздар, оқушылар және қала қонақтары қатысты.
Кешті жүргізуші жеткіншектер келген қауымды жылы тілектермен қарсы алып, жыр тиегін ағытты. Әдеби кештің шымылдығы туған жерге, ұлттық рух пен елдік санаға арналған ақын өлеңдерімен ашылды. Шығармашылық кездесудің негізгі мақсаты – Әміре Әрінұлының рухты өлеңдері, тағылымды ойларын жас буынға кеңінен таныстырып, оқушыларды әдебиетке, поэзияға, кітап оқуға бағыттау.
Ақын – қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, тіл мен дәстүрді дәріптеген қайраткер. Оның өлеңдерінде елге деген сүйіспеншілік, имандылық, адамгершілік, табиғатқа іңкәрлік ерекше айшықталады. Кешке қатысушылар алдымен «Ақын болмысын бейнелеген бояулар» атты сурет көрмесімен танысты. Бұл көрме – ақын өлеңдеріндегі көркем ойлар мен образдарға негізделген оқушылардың шығармашылық жұмыстары. Көрмені мектептің ұлағатты ұстазы, осындай сазды кештің өтуіне мұрындық болған Ләззат Салтакова таныстырды. Әдеби кеш барысында мектеп-гимназия директоры Жазира Естибаева сөз сөйлеп, мектепте ұйымдастырылып отырған рухани кешке келген қаламгер, ақын Әміре Әрінұлына алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Мектеп директоры ақын жайлы кеңінен толғап, оқушыларға «Маздақ» кітабындағы өлеңдердің мазмұны жайлы ой қозғады. Мұнан кейін оқушылар ақынның туған жер, елдік рух, ата- ана, иман жайлы жырларын жүрекпен орындап, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Сахна төріне 10 «А» және 4 «А» сынып оқушылары шығып, ақынға арнаған өлеңдерін оқып, өнерден құралақан еместіктерін көрсете білді. Оқушылардың орындауындағы әсерлі жырлар кеш мазмұнын тереңдете түсті. Мың бұралған бишілеріміз де кешке ажар қосты. Ақын шығармашылығы – ұлттың рухани айнасы. Осындай рухани кешті тамашалай отырып, поэзия адамды адамгершілікке, өткенді ұмытпай, ертеңге үмітпен қарауға тәрбиелейтін бегзада өнер екеніне айқын көзіміз жетті. Өз тарапынан кеш қонағы Әміре Әрін де жас балдырғандарға өсиет, тәлім-тәрбие негізінде ақыл-кеңесін айтып, оқушылардың қойған сұрағына жауап берді. Салтанатты шараның соңында 4 «А» сыныбының оқушысы Арсен Мұрат ақын, қаламгер Әміре Әріннің портретін салып, өз туындысын кеш қонағына сыйға тартты. Ән мен жырға, ақын өлеңдеріне сусындаған оқушылар кештен мол әсер алып, «Жыр-ғұмыр» деген өлеңмен әдеби-сазды кешті түйіндеді.
Арайлым Дәулетхан,
ЖУ-дің журналистика
мамандығының 3-курс студенті





