Полицейлер мереке қарсаңында интернет-алаяқтардың жаңа әрекетке көшетінін ескертті. Қаскөйлер азаматтардың сыйлықтар мен жеңілдіктерге деген қызығушылығын пайдаланып, жалған жаңа жылдық ашықхаттар мен арзан тауарлар туралы хабарламалар жібереді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, анимациясы немесе музыкасы бар электронды құттықтаулардың ішінде зиянды файлдар болуы мүмкін. Мұндай файлды ашу арқылы алаяқтар телефондағы немесе компьютердегі жеке деректерге, банк карталары мен қосымшаларға қол жеткізеді.
Сондай-ақ алаяқтар тауарлар мен сыйлықтарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынып, алдын ала ақша аударуды талап етеді. Ақша түскен соң хабарландыру өшіріліп, сатушы байланысқа шықпай қалады.
Полиция азаматтарды күмәнді сілтемелерді ашпауға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және ақпарат көздерін мұқият тексеруге шақырады.
«Жетісу-Ақпарат»





