Қазақстанда бала өлімімен аяқталған қайғылы оқиғадан кейін стоматологиялық клиникаларда тексеріс басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы SMARTNEWS.KZ басылымына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің мәлімдеуінше, еліміз бойынша 210 мекеме тексерістен өтті. Бұл бақылау шаралары медициналық қызметтің сапасын арттыруды көздейді.
Мемлекеттік бақылаудың алғашқы нәтижелері бойынша бірқатар қатаң шаралар қабылданды.
«Тексерілген нысандардың тең жартысында стоматологиялық қызмет көрсету стандарттары сақталмағаны белгілі болды. Мәселен, тек Жамбыл облысының өзінде 10 стоматология жабылды. Ал республика бойынша анықталған заңбұзушылықтар үшін клиникаларға 30 миллион теңгеге дейін айыппұл салды», – деді вице-министр.
Сондай-ақ, мамандар балалар стоматологиясында қолданылатын «Севоран» препаратының қауіпсіздігіне тоқталды. Бұл дәрі әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылғанымен, оны пайдалану кезінде медициналық стандарттардың қатаң сақталуы басты назарда болуы тиіс.
Саладағы тағы бір жаңалық – келер жылдан бастап жедел жәрдем қызметкерлерінің жаппай бейнежетон тағып жүруі. Соңғы 5 жылда 280 медицина маманы шабуылға ұшырағандықтан, бұл шара қорғаныс үшін енгізіліп отыр.
«Әсіресе жедел жәрдем фельдшерлері мен қабылдау бөлімінің қызметкерлері алкогольдік немесе психикалық жай-күйі бұзылған науқастардың агрессиясына жиі тап болады. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заң қабылданды», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Енді медицина қызметкеріне күш қолданған тұлғалар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, өз міндетіне салғырт қараған мамандардың да жауапкершілігі артып, оларға 5 жылға дейін қылмыстық жаза қарастырылған.





