Бүгін – қазақтың біртуар перзенті, ХХ ғасырдың қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры әрі көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының туған күні. 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген батырдың есімі бүгінде ұлттық рухтың символына айналды.
Бауыржан Момышұлының ерлігі мен әскери тактикасы әлемдік деңгейде мойындалған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Мәскеу түбіндегі шешуші шайқастарда 316-шы атқыштар дивизиясының (кейіннен 8-ші гвардиялық дивизия) құрамында ерекше көзге түсті. Оның «шегіне отырып шабуылдау» тактикасы мен батальонды басқарудағы тапқырлығы аңызға айналып, кейіннен көптеген елдердің әскери оқулықтарына енді. Батыр 1944-1945 жылдары дивизия командирі ретінде соғыстың жеңіспен аяқталуына зор үлес қосты.
Батыр тек майданда емес, әдебиет айдынында да өшпес із қалдырды. Ол өз шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, соғыс шындығы мен ерлік табиғатын ашып берді. Оның «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Біздің семья» сынды туындылары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған. Бауыржан Момышұлының тұлғалық бейнесі Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» және Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-дилогиясы арқылы оқырман жүрегіне жетті.
Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері бүгінде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін құнды қазына болып табылады. Ол әрқашан «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі» деп, ұлттық намысты жоғары қойған. Сондай-ақ «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген ұстанымы батырдың шыншыл әрі қайсар мінезін айқын көрсетеді.
Қазіргі таңда батырдың есімі көшелер мен мектептерге беріліп, оның мұрасын зерттейтін «Бауыржантану» ғылыми орталығы жұмыс істейді. Жамбыл облысындағы мұражайы мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі ескерткіштері халықтың батыр ұлына деген шексіз құрметінің белгісі.
Дереккөз: Sn.kz




