Қазақстанның саяси жүйесінде жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам жасалуда. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар азаматтардың сайлану құқығын шектеу мәселесі көтерілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Ата заңға жаңа норма енгізуді ұсынды. Бұл түзетулер мемлекеттік билік органдарына таза беделге ие тұлғалардың келуін қамтамасыз етуді көздейді. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, төмендегі санаттағы азаматтардың сайлауға қатысу мүмкіндігі болмайды:
- Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылғандар;
- Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар;
- Заңмен белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар тұлғалар;
- Сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасағаны сотпен дәлелденген азаматтар.
Сенатор бұл норманың Мемлекет басшысының мемлекеттік аппаратты сапалы жаңарту туралы тапсырмаларына толық сәйкес келетінін атап өтті.





