Бүгінде инвестиция құю экономикалық саясаттың басты басымдықтарының біріне айналды. Себебі, ол – аймақтардың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инфрақұрылымдардың дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына тікелей әсер етеді.
Бүгінде еліміз үшін инвестиция экономиканы әртараптандырудың, шикізатқа тәуелділікті азайтудың және ұзақмерзімді тұрақты өсімге қол жеткізудің негізгі жолы болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет тарапынан инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Инвестиция ең алдымен нақты сектордың дамуына серпін береді. Нәтижесінде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, заманауи технологиялар енгізіліп, еңбек өнімділігі артады. Бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнім көлемінің өсуіне, экспорттық әлеуеттің кеңеюіне жол ашады.
Сонымен бірге инвестиция тарту әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де ықпал етеді. Өндіріс орындары ашылған жерде тұрақты жұмыс орындары пайда болып, халықтың табысы артады. Салық түсімдерінің көбеюі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Инвестиция тарту аймақтар үшін ерекше маңызға ие. Себебі, әрбір өңірдің экономикалық әлеуеті, табиғи және еңбек ресурстары әртүрлі. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, логистика, туризм және жасыл энергетика салаларында инвестициялық жобаларды дамыту – өңірлік экономиканы жандандырудың тиімді жолы.
Сарапшылардың пікірінше, жергілікті билік пен бизнес өкілдерінің өзара тығыз байланысы, инвесторлармен ашық әрі тұрақты диалог орнату инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асуына негіз болады. Осы орайда, облыста да жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, аймаққа қарасты Қаратал ауданының картасында 3 жыл ішінде 73 әлеуметтік нысан пайда болған. Бұл жаңа ауруханалар мен Мәдениет үйлері, спорт кешендері және мектептер. Сонымен бірге онда ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы саласы табысты дамып келеді.
Мәселен, өткен жылы өңірге 68 миллиард теңге инвестиция тартылып, елді мекендердің жартысына жуығы газдандырылған. Соңғы жылдары Кәлпе ауылының орталығы да танымастай өзгеріп, тұрғындар қуанышқа кенелуде. Мұнда жаңа Мәдениет үйі, спорт кешені және жергілікті балаларға арналған үстел теннисі залы салынған.
– Біз бұл жерге асығып келеміз. Үздік теннисші болу үшін жақсы жаттығуға тырысамыз. Жаттықтырушылар да керемет. Ауылымызда, сондай-ақ, ойын алаңдары мен спорт кешендері де бар. Осылайша сабақтан тыс уақытты ұтымды пайдаланып жүрміз, – дейді мектеп оқушысы Айкүнім Ошақбай.
Үш жыл ішінде ауданда көптеген жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауылдардағы өмір айтарлықтай өзгерді. Ең шалғай елді мекендерде де жаңа білім ошақтары мен Мәдениет үйлері, спорт нысандары, ветеринарлық пункттер, тіпті өрт сөндіру бекеттеріне дейін бой көтерді.
– Ауылымыз аудан орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан. Жақында бізде екі өрт оқиғасы орын алып, оны сөндіру қиын болды. Осы ретте өрт сөндіру бекетін құру жөніндегі шешім көңілден шықты. Себебі, осындай сәтте көмек тез келеді, – дейді Байшегір ауылдық округінің тұрғыны Болат Төлеген.
Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбековтың айтуынша, ең алдымен шалғай ауылдарды абаттандыруға көңіл бөлінеді. Балқаш жағалауы бойында Байшегір мен Көпбірлік ауылдары орын тепкен. Өткен жылы 180 шақырым жол құрылысы аяқталып, тұрғындар аудан орталығына аз уақыт ішінде жетеді. Елді мекендер, сондай-ақ, таза ауызсу мен жаңа ауруханалар, Мәдениет үйлері және спорт кешендерімен қамтамасыз етілген. Мұндай жұмыс одан әрі жалғаса түспек.
Өңірде тұрғын үй мәселесі де оң шешімін тауып жатыр. Үш жыл ішінде 131 мұқтаж адам баспаналы болу бақытына қол жеткізді. Газдандыруға жататын елді мекендердің басым бөлігі көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Мал шаруашылығы мен сүт өндіру саласы да жанданып келеді. Аудан, сондай-ақ, аймақта күріш өсірумен айналысатын жалғыз өңір. Енді жергілікті фермерлер дәстүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарымен бірге қант қызылшасын ылғал үнемдейтін технологиялармен өсіруді жөн санап отыр.
Биыл да табыс тасқыны толастамақ емес. Ауданда тағы алты ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың бәрі агросалада іске қосылатын болады. Осының арқасында өңдеу кәсіпорындары мен ірі мал шаруашылығы кешендерінің желісі құрылады. Ал салынған инвестициялардың жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден асады.
Қорыта айтқанда, инвестиция – экономикалық өсімнің ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да негізі. Мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолайлы инвестициялық орта қалыптасқан жағдайда, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі артып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады. Сондықтан инвестиция әкелу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып, оң нәтижелерге қол жеткізуге бағыттала бермек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Қаратал ауданы




